Тағамнан улану: белгілері, себептері және емі

926 Views

Тамақтан улану жедел, кенеттен басталып, ауыр өтеді. Сақтану шаралары да қарапайым және әрбір адамның қолынан келетін іс. Тамақтан улану — ауру адамнан сау адамға жұқпайтын, кейбір микроорганизмдердің белгілі бір түрімен жаппай тұқымданған, табиғаты микробты немесе микробсыз, органикалық не органикалық емес уытты заттардың тамаққа түсуінен туындайтын жедел (кейде созылмалы) ауру. Азық-түлікке аз мөлшерде түрлі уытты заттардың түсуінен болады. Тамақтан улануға мерзімі өткен сүт өнімдері, нитраттары көп тағам өнімдері, жабық консервілер – бірден-бір себеп. Уланудың алғашқы белгілері тамақтан кейін бір-екі сағаттан кейін пайда болуы мүмкін. Басқа жағдайларда олар қоздырғышқа байланысты 12 және одан да көп сағаттан кейін пайда болады. Уланған адамда жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы, жиі (тәулігіне 10-20 рет) іш өту пайда болады. Адамның жалпы көңіл-күйі нашарлайды. Артериялық қысым төмендейді, пульс жиілейді, температура көтеріледі, кейде естен тану арқылы тырысулар пайда болуы мүмкін. Міне сондықтан да білім беру ұйымдарында және қоғамдық тамақтану орындарында тамақтан уланудың алдын-алу іс шаралары қатаң қадағалануы тиіс.
Мектептерде балалардың тамақтануын ұйымдастырудың жай-күйін жүйелі бақылауды медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Тамақтану сапасын мерзімдік бағалауды бракераж комиссиясы жүргізеді. Әрбір пайдаланатын өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаты болуы тиіс. Оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өндірістік бақылау бағдарламасы, оның ішінде дайын өнімнің сапасын зертханалық жолмен тексеру жүргізеді. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау тоңазыту камераларында және тоңазытқыштарда жүзеге асырылады. Күн сайын ас блогында аспазшы нақты ас мәзіріне сәйкес дайын өнімнің тәуліктік сынамасын қалдырады. Тәуліктік сынамалар кемінде 48 сағат арнайы тоңазыту жабдығында немесе +2 °C – +6 °C температурада сақталады. Ас блогының жұмыскерлері, техникалық персонал арнайы киіммен қамтамасыз етіліп, қолдың тазалығын сақтайды, объектіден шығу және дәретханаға бару алдында арнайы киімін шешеді, жұмыс басталу алдында және дәретханаға барғаннан кейін, сондай-ақ жұмыстағы әрбір үзілістен соң және лас заттармен жанасқанда қолдарын сабынмен жуады. Тамақ ішу қатаң түрде бөлінген жерлерде рұқсат етіледі.
Қазіргі уақытта тұтынушылардың көбі қоғамдық орындарда тамақтанады.Алайда тамақтанатын қоғамдық орындарда тамақтанған кезде қауіптің бар екенін естен шығармаған абзал. Атап айтатын болсақ, күн жылынғанда, жаз мезгілінің басталуымен эпидемиологиялық тұрғыдан қауіптілік жоғарылайды, бұл – тамақтан уланулар. Әсіресе тез дайындалатын тағам өнімдерін дұрыс таңдамайтын болсаңыз, күмәнді жерге барып тамақтанатын болсаңыз, ол сіздің денсаулығыңызға өз қатерін тигізуі мүмкін. Тұтынушы тамақтану орындарын таңдаған кезде міндетті түрде ол жердің қаншалықты таза екендігіне, гигиеналық тұрғыдан қауіпсіз екеніне, қол жуу мүмкіндігі бар екендігіне және тағам өнімдерінің өзіңізге зиянды емес екеніне көз жеткізуі керек. Қазіргі таңда үй жағдайында тағам өнімдерін дайындайтын жасырын тағам өнімдерін өңдеу, дайындау орын алып отыр. Осындай жасырын орындардан өндірілген тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы әлбетте үлкен күмән тудырады. Бұндай тағам өнімдері халық арасында тағамнан улану жағдайының тіркелуі және аса қауіпті эпидемиологиялық ахуал тудыруы мүмкін. Астарыңыздың құнарлы және дендеріңіздің саулығын қамтамасыз етіңіз. Жоғарыда айтылған қағидаларды сақтай отырып, Сіз өзіңізді және туыстарыңызды аурудан сақтай аласыз. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіздер!

Г.Ақылбаева, А.Әміржанқызы,
аудандық санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің бас мамандары.

Поделиться ссылкой: