Шал баба туралы аңыз немесе Көккөлдің кұпиясы

531 Views

Біз бұл сапарға мұқият әзірлендік. Қасымда аудандық музей меңгерушісі Есназар Құрымбаев, оператор-суретші Талғат Досбембетов бар еді өкінішке орай, қазір осы екі азаматта арамызда жоқ. Қандай өкінішті. Ел аузында айтылатын аңыз-әңгімелерді жинақтай жүріп «Оның астарында бір шыңдық бар-ау» деген ой санамыздан кетпей-ақ, қойды. Түбі жоқ Көккөлді, Шал баба бейнесі көрініс беретін құзар шыңды өз көзімізбен көргіміз келді де тұрды. Қайран құштарлық десеңізші! Киноға түсіруші Талғат ініміз екеуіміз кездескен сайын бір-бірімізге: «Қашан барамыз?» деп дегбіріміз кететін болды. Бір күні оның да сәті түсті-ау, әйтеуір.
Жаздың жаймашуақ күндерінің бірі болатын. Әсіресе, тау бөктері масатыдай құлпырып, ерекше күйге еніп тұр. Айнала төңірек алқызыл гүлге оранған. Сарқырап аққан тау өзені буырқанған бурадай асау мінез танытып көбіктеніп, көпіріп ағып жатыр. Тау шатқалына ендеп кірген сайын ақтылы қой өргізген мекен-жайларды, қазіргіше айтқанда, «фазендаларды» көресің. Олар тіпті жиі ұшырасады. Яғни, ауыл жұрты бақуатты, дастарханы берекелі деген сөз. Астымызда жүрдек, жол талғамайтын «УАЗ» автокөлігі. Жолбасшымыз Құмарық ауылының тау шатқалындағы қорықшысы Өмірбек Көлбаев. Лақап аты – «Шөмек». Әлі сыр алысқан жоқпыз, естуімізше: «қызық мінезді жігіт» дейді. Көңілін тапсаң, көл көрінеді. Біз де соған бейімделіп келеміз.
– Өмеке, әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын, – дедім мен.
Ол біраз үнсіз қалды. Өткір көзін құзар шыңдарға тастап ой құшағында келеді. Қырсықтырып аламыз ба деп, біз де үнсіз отырмыз.

– Не айтайын, – деді ол кенеттен, – әкем де қорықшы болған. Шал тауы – құт мекеніміз. Біздің әулетке бұл өлкенің әрбір тасына дейін таныс. Сіздерді адастырмай алып барамын. Оған қам жемеңіздер.
Тағы да үнсіз қалдық. Біз де өз ойымызбен кеттік. Әлден уақытта абалаған иттердің даусынан селк етіп айнала төнірекке көз жіберсек, аумағы әжептеуір мекенге де келіп қалыппыз. Іңір түсе бастаған, амалсыз ат басын тіредік. Бұл Өмірбектің фазендасы екен.
Қашан да қонақжай халықпыз ғой. Өмекеңнің жұбайы Гүлнәр жолсоқты болып келсе де шаршағанын білдірмей, дастархан қамына кірісті. Ас әзірленіп тамақтанып біткенше жатар орынға дейін әр нәрсенің басын шалғанымыз болмаса, біз күткендей қызықты әңгіме қозғала қойған жоқ.
Таңертең ерте тұратын болғандықтан, тауға шығатын киімдерімізді дайындап, жатып қалдық. Ұйқы келер емес. «Көккөлдің» қандай құпиясы болды екен. Қысы-жазы қалайша не тартылмай, не тасымай бір деңгейде тұрады. Мұның құпиясын білер ме едік?» деймін дөңбекшіп. Ойыма Шал баба туралы аңыз оралды.Мың жылдан аса Шал баба есімімен «Шал тауы» атанған Алатаудың ең биік басы қарлы, құзар шың. Қуаңшылық кезде ел-жұрт Аллаға жалбарынып құ­дайы тамақ берсе, Шал тауының басына бұлт үйіріледі екен. Артынша нөсер­летіп жаңбыр жауып, Жер Ана нәр алып, шаруаның мандайы жазылып, қуанышқа бөленетін болған. Шал суы өзені – Қыдыр қонып, бақ дарыған жер.
Шал бабамыз Үйсін дәуірінде биік құзды мекендеп, құстың тілін, киіктің үнін, таутекенің сырын білген деседі. Аңызға қарағанда Шал баба өте желаяқ, ұшқыр, құралайды көзге атқан мерген болған дейді. Құланды құрықтап, бұғыны бұғаулап мінген деген аңыз бар. Аю, жолбарыс, қабылан, таутеке Шал бабаның сиқырлы даусына елітіп селт етпей тұрып қалады екен. Өзі әулие, көріпкел, табиғаттың тылсым құпиясын Алланың құдыретімен сезіп отыратын болған. Сондықтан бұл қасиетті мекен «Шал тауы атанған» деп жүз жасаған шежіреші Сәрсенбай атамыз айтып отырушы еді, – деп сыр шертеді сол ауылға кіндік қаны тамған азамат, ел шежіресіне көңіл бөліп, оны жинап жүретін әрі тарихшы әрі өнер иесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Дүйсен Бықыбаев.
Таудың бір бетінде күн шығарда Шал бабаның сағым бейнесі көрінеді екен. Аңызда айтылған осы бір тылсым құпияны білгім келіп көз ілмедім. Бәріміз таң бозара оянып биік тауға қарай бет алдық. Шал бабаның бейнесі көрінетін құзар шыңға қарама-қарсы келіп дамыл таптық. Төменде күн ыстық болса да биік таудың таңғы салқыны денемізді тітіркентіп, бойымызды сергітіп жіберді. Айнала төңірек құлаққа ұрған таңадай тыныштық. Жер беті айқын көрініп, таң да ата бастады. Сұлу көрініске тамсанбай тұра алмайсың. Табиғат тылсымы жаңынды баурап алғандай. Күн ұясынан көтерілгенде биік шыңдар ерекше күйге еніп, таңдай қақтырады. Біздің көзіміз тау шыныңда. Күн көтеріліп келеді.
– О, Тоба! Тоба!, – дедім мен күбірлеп. Өйткені тау беткейіне сағымданып адам бейнесі көріне бастаған еді.
– Талғат, бол тез, тез! Тез бол! Түсіріп қал! – дедім мен аптығып.
Қозғалатын Талғат жоқ. Аузы ашылып кетіпті. Тілі байланып қалғандай үн қатпайды. Тек басын шайқай береді. Ғажайып көрініс сәлден соң көзден ғайып болды. Мен ренжіп Талғатқа ұрсып жүрмін. Ол болса:
– Түсіруге сескендім, қорықтым, – дейді.
Ата-бабамыздан ырымшыл ұрпақпыз ғой. Талғаттікі дұрыс та шығар. Ләм деген жоқпын. Бірақ ғажайып көріністі түсіре алмай қалған өкінішім басылар емес.
– О, құдырет! Құдырет! Осындай да ғажайып болады екен ғой, – деп өкінішімді өшіргендей болдым. «Аңыз түбінде шындық бар екен ғой» деген ой түйдім.Екінші бір аңызда былай дейді: «Баяғы бір заманда Көкдөнен атты жігіт ерекше қабілеті мен қайырымдылығының арқасында ел аузына ілігіп, халықтың ризашылығы мен рақымына бөленіп жүреді екен. Жаугершілік соғыс, қантөгістен қажыған халқының жоғын жоқтап, әкесіз қалған ұлдарына рухани қуат беріп, ағалық қамқорлығымен жанына жылу бола біліпті. Сондайлық жаны жайсаң, қайырымды жігіт өзі де уыздай жас, таңдай пәк екен. Осы жастық желігі мен риясыз көңілі оны да махаббат сезімінің алдына әкеліп, жігерін құм, көңілін кермек етіпті. Көкдөнен жігіт Тарты жерінің қалың қамысының арасынан жабайы қабанға аңға барады. Оны бүгін қалай да ұстап, қолға түсіруі тиіс еді. Себебі ағасы Керімнің үйіндегі жеңгесі 7 жыл құрсақ көтермей, осы жуықта ғана аяғы ауырлағанын естіп, өзі іштей қуанышта жүрді.
Оны да көрші ауылдан келіп босағадан аттай бергенде апасы:
– О, жаратқан ием, тоба қылдым! Тоба! Домалақ ене, жебегеніңе разы­мын! Жолыңа ақсарбас тәңірім! Көкдөнен­нің артынан ертіп бір қара­шық қиғаныңа! – деп, әсем жүзі қуа­ныштан нұрлана балбырап тұрған жеңгесін маңдайынан сүйіп тұр екен.
Есейіп қалған қайнысынан ұялып кеткен жеңгесі ернін жым­қырып, төргі бөлмеге енгенде, Көкдөнен де төбесі көкке жеткендей:
– Апа, шын ба, шынымен ағамның баласы – менің бауырым дүниеге келе ме? – деп шешесін құшақтай алды.
Міне, осы жайттан бері 3 ай уақыт өткенде апасы өзін шақырып:
– Жабайы қабанның жүрегі қажет, жеңгең жерік. Жерігі қанбаған ананың сәбиі «нышаналы» болып туылады, – деп ағасының сапардан әлі орала қоймағанын айтты.
Көкдөнен жігіт бірден келісім берді. Ал анасы баласы үшін тағы да мазасызданып, аңшы Әмір қарияға барып жолығып, соған «тауып кел деп өтініш жаса», – деді. Алайда, Көкдөнен бұл жауапты да күрделі істі өзі атқармақшы болып белін бекем буды. Таң атпастан тұрып Тартының нулы қамысты сайына «Қабан шошқа қайдасың?» деп тартып кетті. Межелі жеріне күн арқан бойы көтерілгенде жетіп, біраз тыныстап алды.
Астындағы Қаракерді қамыстың оң жақ бетіндегі төбенің бөктеріне қалдырды. Онысы: «Егер қауіп төне қалса, атым қауіпсіздеу жерде болсын, өзім алаңдамайын» дегені. Сілеусіндей сақ, мысықтай баяу қимылмен Әмір аңшы нұсқаған қамыстың солтүстік батыс жағына жақындай бергенде бір әлсіз, қысылғандай, ауырсына ыңырсыған дауысты естіп, селт етпестен тұрып қалды. Сыбдырсыз, жай басып жақындап келгенде қарауытып жатқан адамның сұлбасын көрді.«Аң ба, адам ба, жау ма, қас па?» деген неше түрлі сауалға жауап іздегендей біраз тұрды да, не де болса жақындайын деп барды.
Жанына таяп келгенде ғана бөрігін басына бастыра киген 14-15 жастағы бозбаланың сол аяғы­ның қақпанға қысылып қалғанын көріп, дереу көмекке ұмтылды. Бар күшін са­лып керіп ашқан аң қақпанынан әзер босанған әлсіз дене сылқ етіп жанына қарай қисая кетті. Жылдам аяғын тексерді. Қалың балақты шалбар мен саптама етіктен қақпанның ізі айқын байқалады. Көкдөнен жігіт шапшаң қимылдап аяғын жалаңаштап жіберіп, қаншалықты жарадар екенін көрмекші болды. Алайда, ауырсына ыңырсыған бозбала аяғын тартып, шешуге қар­сылық білдірді. Көкдөнен бір кезде торсығын ашып бейбақ бозбаланың аузына сусын тамызды. Ауырсына ыңырсыған жігіттің бөркі ысырылып шешілгенде, оның ұзын мойылдай қара шашы жайылып, бозбаланың жігіт емес, қыз екенін көріп таң-тамаша қалды. Біраздан соң торсықты қыз ерніне апара бергенде, кірпіктері сәл қимылдап, көзін ашты. Қыз жүзінен шексіз ризалық байқаған жігіт еріксіз жымиды.
Бір кезде оқыстан «қорс» еткен дыбысқа екеуі де жалт қарағанда, өздеріне құйғыта шауып келе жатқан қабанды көрді. Жігіт қызды тастай беріп, өзі ұшып тұрып, хайуанға қарсы ұмтыла берді. Қынабынан суырып алған өткір қанжарын бар күшімен қабанның жүрек тұсына тығып алды. Айқас ұзаққа созылмады. Бір кезде екеуі де жерге «гүрс» ете құлады. Қыз бар қайратын бойына жиып, сүйретіліп жігіт жанына келді. Жігіт ес-түссіз еді. Қанша мезгіл болғаны белгісіз. Бір кезде Көкдөнен басын сүйеп, аузына сусын тамызып отырған арудың жылы алақаны мен бетіне тамған ыстық жасынан есін жиды. Әлгінде ғана өзі құтқарған бейбақ арудың енді өзіне демеу болып отырғанына қайран қалған жігіт езу тартты. Бірі иығынан, бірі аяғынан жараланған екі жастың бір-бірін ұнатып қалғанына көгілдір аспан мен ұлан-ғайыр дала ғана куәгер болады.
Ауылына оралған Көкдөнен жігіт ендігі жерде жатса да, тұрса да Көгершін аруды ұмыта алмады. Бар ерік-жігері мен жүрегінің әміріне сүйенген Көкдөнен ел ағасы, ру басы Шал бабаға келіп өз жайынан хабар береді. Шал баба Көгершін арудың жөнін сұрады. Біраз үндемей, сағым дала­дағы қаңғып бара жатқан қаң­бақ­қа көзін қадаған қария:
– Бойжеткен – Барақ батырдың қызы. Әкесі асқан жаужүрек, көңілі түскенге көлдей қасиетті кісі еді. Түнеу күнгі соғыста қаза тапты. Алайда, бұл таңдауың – адасу, райыңнан қайт, балам! Қазақ жеті атасына дейін қыз алыспаған! Қайт райыңнан, қайт! – дейді.
Үміт пен үрей арқалаған Көкдөнен Көгершін аруға сол кеште жолығып, арманының қаңбақтай қаңғып кеткенін айтады. Қыз да болса жігітке ақыл парасатымен, жаужүректігімен пара-пар Көгершін ару өз махаббатын тұншықтыра тұрып:
– «Тағдыр бізге бірге болуды жаз­баса қайтемін, бірақ мен мәңгі сен­дікпін! Байламымыз осы болсын!» – депті. Осыдан кейін жұрттың айтуына қарағанда екі ғашық биік шыңнан құлап, уаһиға аттаныпты. Бұны аңыз десеңіз мейліңіз, алайда Шал тауына қараған қос емшекті тау – «Көгершін» тауы деп, ал, одан еңіске құлаған жазық – «Көкдөнен жазығы» деп аталып кетті.
Иә, табиғат пен адам – егіз. Оның тылсым құпиялары бәрімізге аңыз болып жеткен. Өткенді қадірлеп, қастер тұту қанымызға сіңген қасиет екенінде дау жоқ. Қадірлі ағайын, Шал тауына шығып тұрып… біздің еркімізден тыс бір әулие күштің барына көзім жетті. Ал, аңыздағы ақиқатты айтуды өзіме парыз санадым.

Тұрсынхан Жаманбаев,
Қазақ Журналистикасының қайраткері.

Поделиться ссылкой: