100-ге жуық адам Әнұранды шырқады
26 ViewsАлтын күн аспаны, Алтын дән даласы. Ерліктің дастаны, Еліме қарашы. Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой. Қайырмасы: Менің елім,…
Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов ел Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы Жарлығына сәйкес, Қайыңды және Тереңөзек ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Алдымен Қайыңды ауылдық мәдениет үйінде өткен келелі кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданда іске асырылып жатқан ілкімді жұмыстарды баяндады.
Рас, Ернар Есіркепов ауданға әкім болып тағайындалған сәттен бастап, бірқатар толайым тірліктер атқарылды. Айталық, пәлен жылдан бері шешімін таппай келген Жалпақсаз ауылындағы теміржол өткелінің мәселесі шешілді. Сондағы халықтың қуанышын көрсеңіздер ғой, шіркін! Сол кезде «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөздің нақты көрінісін көрген едік. Былтыр Ақыртөбе, Көгершін және Рахым Сәбденов ауылдарында спорт кешенінің құрылысы басталған болатын. Сондай,-ақ, Көгершін ауылында 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалардың барлығы 2023 жылға өтпелі. Әр ауылдық округтерде «Асарлатып үй салу» бағдарламасы бойынша үйлер салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Бұл дәстүр әлі де жалғасатын болады. Тұрғындардың табысын арттыру мақсатында қолға алынған пилоттық жоба, ол қазір «Ауыл аманаты» деп өзгертілді, биыл Абай ауылында іске асып жатқанын білесіздер. Абайлықтарға 2,5 пайызбен несие берілді. Жұмыс басталып кетті. Тау аңғарынан келетін ағын судан проблема болған. Аудан тарапынан қажетті жұмыстардың барлығы жасалды. Мұндай мәселелерге қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Егер жоба республикалық бюджеттен қолдау тапса, 1 миллиард қаражатқа жерастымен Қарақат каналынан Абай ауылына су тартылады. Осы арада, мына мәліметті де айта кеткен жөн болар. Кеңес заманында салынған ауданда 18 канал бар. Оның бірі – жарамды, бірі – жарамсыз дегендей. Бұған дейін осы 18 каналдың барлығы республикалық «Қазсушар» мекемесінің балансында болған еді. Биылдан бастап, оның барлығы мемлекеттің балансына өтіп, ауыл әкімшіліктерінің құзыретіне берілді. Осындай ауқымды жұмыстардың барлығын аудан әкімі Ернар Есіркепов Қайыңды ауылында өткен кездесуде атап өтті.
Сұрақ-жауап кезеңінде қайыңдылықтар көп сұрақ қойған жоқ. Негізінен аудан аумағынан шалғай жатқан Қайыңды ауылында әлеуметтік нысандар, яғни мектеп, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі бар. Көгілдір отын да тартылған. Дегенмен, Қайыңдының өзінде ауыз су бар болғанымен, ауылдық округке қарасты Сөгеті және Мамайқайыңды елді мекендерінің тұрғындары ауыз судың «қорлығын» біраз жылдан бері көтеріп келеді. Қайыңды ауылындағы әкімдік ғимаратының да әбден тозығы жеткен. Сөгеті мен Мамайқайыңды ауылдарына ауыз су жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын. Айта кетейік, бұл екі ауылға су іркуіш имараты мен ауыз су құбырын жүргізуге 1 миллиард теңге қаражат қажет. Оны аудандық не болмаса облыстық бюджеттен бөлу мүмкін емес. Сондықтан мұндай қомақты қаражат республикалық бюджеттен шешіледі. Қажетті деген барлық жұмыстар жасалды, мемлекеттік сараптамадан өтті, енді тек қаражаттың бөлінуі ғана қалды, егер бөлінсе, Сөгеті мен Мамайқайыңдыға ауыз су кіреді. Ауыл әкімшілігіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де аудан әкімінің бақылауында екен.
Содан кейін дәл осындай кездесу Тереңөзек ауылында өтті. Жалпы аудан бойынша газ кірмей тұрған бір ғана елді мекен бар. Ол – осы Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды елді мекені. Биыл Шолаққайыңдыға газ кіреді. Оны осы кездесуде аудан әкімінің өзі айтты. Сосын Ақыртөбе – Тереңөзек – Қайыңды бағытындағы облыстық маңызы бар жолға асфальт төселеді. Мердігер анықталып қойған. Күн жылып, мерзімі таяған сәтте ол жұмыстар істелетін болады. Тереңөзек ауылына спорт кешенін салу төңірегіндегі сұраққа аудан басшысы «бүгін-ертең салынады» деп уәде бермей, тиісті жұмыстар жасалатынын айтты. Салыстырмалы түрде жазсақ, былтыр, яғни 2022 жылы Тереңөзек ауылдық округіне аудандық бюджеттен 10 миллион теңге қарастырылған екен. 2023 жылға 246,5 миллион теңге бөлініп отыр. Оның 162 миллионы Шолаққайыңды елді мекеніне газ тарту жұмыстарына, 181 миллион теңге Ақыртөбе – Тереңөзек – Қайыңды бағытындағы облыстық маңызы бар жолға асфальт төсеуге, (бұл жұмыстарға негізінен 362 миллион теңге, соның 181 миллионы облыстық, 181 миллионы аудандық бюджеттен бөлінген) 38,5 миллионы Тереңөзек ауылындағы Нәметов көшесінің жолын жөндеуге, 5,9 миллион теңге Әмзе Исаев көшесіне жарық үнемдеуіш көше шамын орнатуға, «Жастар» саябағына «Стрит воркаут» орнатуға 2, 7 миллион теңге, Көкарық елді мекеніндегі М.Әуезов көшесінің жолын жөндеуге 30 миллион теңге бөлініп отыр. Міне, биыл Тереңөзек ауылдық округінде осындай жұмыстар атқарылмақ.
Екі ауылдық округте де аудан әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, қойылған сауалдарға нақты әрі дәйекті мысалдармен жауап берді.
Марат Диханбай.