Мамандығым – мақтанышым
Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Адам өзінің кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, ал келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулер үшін әйтеуір бір мамандық алу болып табылады. Осы орайда Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінде мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт — бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешуіне ықпал жасау мақсатында 9-10-11 сынып білім алушыларымен «Мамандығым – мақтанышым!» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге осы мектептен түлеп ұшқан түлектер, яғни әр түрлі мамандық иелері келді. Атап айтар болсақ, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық «Жас Ұлан» ұйымының үйлестірушісі, облыстық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы, «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Тілеубаева Эльзат Аязқұлқызы, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Абжалов Ербол Ермекұлы, облыстық «JAMBYL» телеарнасы директорының орынбасары, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ақпарат саласының үздігі Қарашев Айбол Бақытұлы, полиция қызметкері Танашев Нұрбол Балтабайұлы, Луговой ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Іңкәрбеков Бағдат Жанатұлы, Т.Рысқұлов аудандық ауруханасының фельдшері Какенов Нұрмат Маратұлы. Келген қонақтар өз мамандықтарының қыр-сырларымен бөлісіп, оқушыларға болашақтағы мамандықтарын дұрыс таңдай білулеріне аз да болса бағыт-бағдар бере білді деп ойлаймыз.
Гүлмайдан Рысжанова,
Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің тәлімгері.