«Инабатты келін – 2023»

448 Views

Ауданымыздың 85 жылдығына орай жақында күні Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Инабатты келін – 2023» атты жас келіндер байқауы өтті. Аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш байқауға аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сұлукүл Дәлібаева қолдау көрсетті. Байқаудың мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, келінге, яки болашақ анаға деген сыйластықты ояту, ана деген қадірлі ұғымның маңыздылығын арттыру. «Мен қазақтың келінімін», «Өнерлі келін – өнегелі келін», «Бәйге», «Ана көрген тон пішер» және «Қазақтың келіндеріне әдептілік жарасады» деген 5 кезең бойынша өрбіген байқауға облыстық ардагерлер кеңесі аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының директоры, «Қазақ тілі» қоғамы Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Эльмира Мырза-Ғали, дәстүрлі әнші, мәдениет саласының ардагері Гүлназия Пірімқұлова, Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектеп директорының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, «Құлан нұры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыткүл Мырзалиева және Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Жадыра Жұмағұлова қазылық етті.
Осылайша «Инабатты келін – 2023» атты аудандық жас келіндер байқауында біз атаған 5 кезең бойынша 16 қатысушы бақ сынады. Айта кетейік, қазылар алқасы қатысушылардың өнерін орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне, сұрақ-жауап кезеңінде жылдам жауап бергендеріне, екі қолынан бал тамған зерделілігіне, шығармашылық жаңалықтарына және үй тапсырмасының көркемдік ерекшеліктеріне қарап бағалады.
Байқау қорытындысында барлық қатысушылар марапатсыз қалған жоқ. Айталық, жарлысулық Дина Жамалхан «Ынталы келін» номинациясымен, көкарықтық Жұпара Қасымбекова «Көркем келін» номинациясымен, абайлық Назым Жанбосын «Шебер келін» номинациясымен, қайыңдылық Арайлым Орынбасарова «Білімді келін» номинациясымен, құмарықтық Айжан Сұлтанғалиева «Зерделі келін» номинациясымен, тереңөзектік Индира Шадыхан «Өнерлі келін» номинациясымен, қорағатылық Ақмаржан Жұмабек «Инабатты келін» номинациясымен, көкдөнендік Алина Оразбекқызы «Сымбатты келін» номинациясымен, ақыртөбелік Қымбат Абирова «Ынталы алғыр келін» номинациясымен марапатталды. Жүлделі үшінші орынды каменкалық Дина Аят, қызылшаруалық Гүлдана Ермекбаева, сөгетілік Самал Құралбекова иеленсе, жүлделі екінші орын көгершіндік Ақерке Әділ мен жаңатұрмыстық Алина Саякованың еншісіне бұйырды. Бас жүлдені Рахым Сәбденов ауылынан келген қатысушы Майра Қадырбекова жеңіп алды. Майра Қадырбекова енді дәл осы байқаудың облыстық кезеңінде ауданымыздың намысын қорғайтын болады. Байқау жүлдегерлері мен жеңімпазына алғыс хаттармен қоса ақшалай сыйлық табыс етілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: