Алимент төлеу – қарыз емес, парыз…

281 Views

Бүгінгі таңда сот шешімі бойынша ата-анадан кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіру мәселесі өзекті болып отыр. Өз кезегінде аудан прокуратурасымен және жеке сот орындаушылармен алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындауға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда.

ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) 21 бабына сәйкес соттардың шешімдері, үкімдері мен өзге қаулылары барлық мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен міндетті түрде орындалуы тиіс.
Сот шешімін орындау тәртібі аталған Кодекстің 236 бабында көрсетілген. Аталған бап бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін атқару парағы жазылады, ол өндіріп алушыға беріледі не оның жазбаша өтініші бойынша сот оны борышкердің мекенжайына байланысты аумағы бойынша атқарушылық іс жүргізудің тиісті органына орындау үшін жібереді.
Алимент сот тәртібімен өндірілгенде, кәмелетке толмаған балаларға өндіріп алынатын төлем мөлшері төлеушінің жалақысына үлестік қатынаста айқындалады. Кәмелетке толмаған бір балаға ата-анасының айлық жалақысының не өзге де табыстарының төрттен бір бөлігі, екі балаға – үштен бір бөлігі, үш және одан да көп бала үшін – тең жартысы мөлшерінде.
Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар тапсырылмаса, алимент бойынша берешек оны өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізінде алынуы тиіс.
Сот шешімін орындамаған борышкерлерге (балаларына алимент төлемейтін қашқын әкелерге) әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.
Одан бөлек алимент мәселесін шешу мақсатында осы айда Т.Рысқұлов аудандық жұмыспен қамту орталығы аудан прокуратурасының қатысуымен алимент төлемдер бойынша қарыздары бар және жұмыссыз жүрген борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар өткізді.

Л.Аманшаева,
аудандық прокуратураның прокуроры.

Поделиться ссылкой: