Ұшқын түбі – ӨРТ

172 Views

Өрт – тілсіз жау. Шын сөз. Ілгеріректе ауылдастың қорасы өртке оранғанда, осы сөздің қадір-қасиетінің «тым тереңдігіне» көзіміз жеткен. Мейлі ол оқиғаны қора дерсіз, бірақ Астанадағы шиеттей бес баланың тағдырын еске түсіріңізші. Қандай аянышты. Соның бәрі өрттің салдарынан орын алған жоқ па? Салдарынан 5 бірдей баланың өмірі қиылды. Осы жерде дана қазақтың көрегендігіне таң қалмасқа болмайды. «Өрт – тілсіз жау» деп тауып айтқан ғой, түге. Құдай әр қазақтың шаңырағын өрттен аман қылсын.  

Міне, көктем мезгілінің үшінші айы – мамырға да аяқ бастық. Алда жаз мезгілі. «Шөбіміз, егініміз бар» дегендей. Әсіресе, жаз мезгілінде өртке қатысты оқиғалардың көбейе түсетінін біз де естіп, көріп, біліп жүрміз. Оны төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істейтін азаматтар тіпті жақсы біледі десек те болады. Сондықтан да сәрсенбі күні аудандық төтенше жағдайлар қызметінің басшылық құрамы «Жаз мезгіліндегі аптап ыстықта табиғи өрттің салдары туындай қалса, қандай шаралар қолдану керек» деген мақсатта Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты жайылымдық жерде дала өрттерінің алдын алу және оны сөндіру бойынша оқу-жаттығу өткізді.
Оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Жатқанбаев, «Өрт сөндіру және апатты құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мансұр Шайкрамов, сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысып, №10 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің, ауылдық округ әкімшіліктеріне қарасты ерікті өрт сөндіру жасақтарының, Луговой, Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме қызметкерлері мен медицина саласында еңбек ететін мамандардың киім жабдықтары мен құрал-саймандарын пысықтап шықты. Оқу-жаттығуға осы аталған мекемелерден 120 адам және 20 техника жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу барысын көзімізбен көрдік. Барлығы тап-тұйнақтай сәтті өтті. Оқу-жаттығу соңынан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Жатқанбаев осы практикалық тұрғыда көрсетілген шараға атсалысқан қызметкерлерге алғысын білдіріп, «жақсы» деген баға берді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: