Ата өнері – балаға мұра

433 Views

Өткен жұмада 90 жылға жуық тарихы бар құдыретті һәм іргелі ұжым Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қасиетті Құлан жеріне гастрольдік сапармен келді. Өнер ұжымы аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің концерт залында 1,5 сағат уақыт бойы көрерменге классикалық, халық әндерін һәм қазақ халық композиторларының есті әндерінен шашу шашып, залға жиналған жұртшылықтың алғысына кенелді.

Құланға гастрольдік сапармен арнайы келген өнер ұжымының құрамында бас дирижёр, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген, әнші, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, опера жұлдызы, халықаралық байқаулардың лауреаты Жадыра Аманова болды. Концертке қатыстық. Тамсандық. Тебірендік. Кей сәтте ойға шомып, күрсіндік те. Өйткені бұл концертте фонограмма мүлде болған жоқ. Бәрі жанды дауыста шырқалды. Әсіресе, «Махамбеттің поэмасы» Абылай Тілепбергеннің дирижёрлығымен орындалғанда, денеміз шымырлап, жүрегіміз аттай тулап сала берді. Өнердің биік шыңы осындай болса керек. Классикалық ән орындау мәнерінің хас шебері Жадыра Аманова кең диапазонды халық және Шәмші әндерін шырқаған сәтте «Пах, шіркін!» дестік. Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар талғампаз әнші Саят Медеуов те Шәмші Қалдаяқовтың «Дүнген қызы» және Жәкен Омаровтың «Өзіңді аңсап» әнін ерекше бір тебіреніспен орындады. Жүрекпен шырқалған ән жүрекке жетті. Бір өкініштісі, осындай эстетикалық концертке өздерін «зиялымын» деп жүрген ақсақалдар мен көксақалдар немесе «шікірейген шикі шенеуніктер» келіп, көрсе екен дейсің. Бірақ, ол қайдан болсын. Олардың да өздерінің «бақай есептері» бар емес пе?..
Залға көрермен жиналған жоқ емес, жиналды. Бірақ көбі үлкен кісілер. Осындай концертті жастарға көрсету керек. Бұл да бір тәрбиенің өзегі ғой. Оны әнші Саят Медеуов те айтты өз сөзінде. Әнші сондай-ақ, осы концерттің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаевқа, Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұловқа, өз ризашылығын білдірді. Концерт соңында Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов және аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов сөз сөйлеп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің шығармашылық ұжымына толағай табыстар тіледі.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: