Жадымда жатталған әуезді әңгіме

211 Views

Соғыс куәгерлерінен майдан туралы әуезді әңгіме сұрай қалсаң болды, қаз-қалпында айтып беруге даяр отырады. Мен бүгін осыдан бес жыл бұрын орын алған оқиғамен бөліскім келіп отыр.
2018 жыл. 9 мамыр. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құрметке бөлеу үшін жолға шықтық. Топ құрамында сол кездегі аудан әкімі Асқар Санатұлы Қырықбаев пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы Бижанов та бар. Алдымен Каменка елді мекенінде тұратын майдангер Ілияс Шажалиевтің үйіне бардық. Ақсақалға сый-сияпатын тапсырып болған соң, көпті көрген қария, Луговой ауылының тұрғыны, соғыс ардагері, байырғы теміржолшы Орынбасар Сүлікбаевтің шаңырағына бас сұқтық. Ізінен құландық Жахан Мырзахметов пен көгершіндік Игенбек Құрбановтың да шаңырағында болдық. Сапар соңында Жақсылық ауылының тұрғыны, майдангер Асаубай Сүлейменовтің үйінен табылдық. (Өкінішке орай дәл қазір жоғарыда аты аталған майдангерлердің біреуі де бұл өмірде жоқ) Барлық сый-сияпатты табыстап болғаннан соң, Асаубай ақсақал сұрапыл соғыс кезінде орын алған бір оқиғамен бөлісті. Майдангер өз сөзінде:
« …1942 жылы, 25 қазан күні, сағат 11-лер шамасында болған, басымнан өткен Сталинград түбіндегі шайқасты айтып берейін,– деп бастады әңгімесін. Сол ұрыста оң қолымнан жараланып, взвод командирінің бұйрығымен артқа шегінген едім. Әрі қарай ол жерде не болғанын білмеймін. Маған ешкім еш нәрсені ашып айтпады. Жүк көлігіне өзімді ғана отырғызып, әскери ауруханаға әкелді. Менің пайымдауымша, аталған ұрыс алаңында бірде-бір адам тірі қалмаған секілді. Сол шайқас әлі күнге дейін мені қатты ойландырады. (Ақсақал сәл үнсіз ойланып) Егер де басшының бұйрығымен кері шегінбегенімде, осы бейбіт күнді, өздеріңдей азаматтарды көре алмас едім… Енді сендер ондай сұмдықты көрмеңдерші… Тілегім де, тілерім де – сол» – деп өткенді күрсіне еске алған еді.
Шыны керек, ақсақалдың сол кезде айтқан осы сөзіне еш мән бермеппін. Кейіннен ғана Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс басталғанда-ақ, бейбіт өмірдің құндылығы жайында сөз өрбіткен Асаубай ақсақалдың осы сөзін еріксіз ойыма оралттым. Расымен де, тыныштыққа, бейбіт өмірге, бүлдіршіндердің риясыз күлкісіне жететін ешнәрсе жоқ секілді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: