Адамзаттың Айтматовы

303 Views

Тақырыпты осылай деп қоюға негіз де жоқ емес. Себебі ол тек қырғыз халқының емес, әлем әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалдырған классик жазушы. Ол классик сөз шеберінің есім-сойы – Шыңғыс Айтматов.
Оның «Жан пида», «Ақ кеме», «Қызыл орамалды Шынарым», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты романдары мен повестерін көзі қарақты оқырман әлі күнге дейін тамсанып оқиды. Шыңғысты Шыңғыс еткенде осы көркем сөздің құдыреті.

Сәуір айының 28-ші жұлдызы –жазушы Шыңғыс Айтматовтың туған күні. Жазушының Құланға қандай қатысы бар дей көрмеңіз. Ол кезінде қазіргі Құлан агротехникалық жоғары колледжінде оқыған. Сондықтан да «Айтматов оқуларының» қасиетті Құлан жерінде өткізілуі заңдылық.
Заңғар жазушы Шыңғыс Айтма­тов­тың 95 жылдығына орай Жамбыл облыстық білім басқар­масының ұйымдастыруымен Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Шыңғыс Айтматов әлемі» атты респуб­ликалық байқау өткізілді. Техника­лық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің ара­сында өткен байқаудың мақсаты – Айтматов шығармаларын насихаттау әрі жастардың кітап оқуға деген талпы­нысын арттыру.
Байқау шымылдығын облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев сөз сөйлеп, ашып берді. Мұхит Аманқұлұлы өз сөзінде Айтматов шығармаларының мазмұны жағынан жастарға тәрбие беретінін тілге тиек етіп, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Содан соң колледж директоры Олжас Мұсақұлов өз пікірін білдірді. Байқау республикалық деңгейде ұйымдастырылғандықтан, берісі Қызылорда, Түркістан, әрісі Алматы, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан студенттер де келді. «Жастарымыздың кітап оқуға қызығу­шылығы төмен» деген қатып қалған қағиданың бұрыс екенін осы байқаудан түсіндік. Шүкір, кітап оқуға қызығатын жастарымыз баршылық екен. Және интернет дейтін пәлекетіңіз қанша жерден болсын фейк ақпараттармен сананы улап жатса да, жастарымыздың кітап оқуға деген құлшынысының ешқашан төмен­демей­тініне көзіміз анық жетті.
«Шыңғыс Айтма­тов­тың әлемі» атты байқау екі кезең бойынша өрбіді. Бірінші кезең «Сөз – құдірет қашанда», екінші кезең «Таланттар өмір­де шыңдалады» деп аталды. Бұл байқауда қазылар алқасының құрамында кәсіби мамандар төрелік жасады. Атап айтсақ, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарымбаева Күлзинат Мейрамбайқызы, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Мырзабаева Балмира Жүнісбекқызы, «Тілдерді оқыту» орталығының «Латын әрі жаңа әліпбиді насихаттау және ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Маханова Перизат Атабекқызы, «Тілдерді оқыту» орталығының Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Шонатаева Ғалия Байданқызы, Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған Басқар Битанов атындағы халық театрының меңгерушісі, «Қазақ өнер қай­рат­кері» Эльмира Асылбекова байқауға қазылық етті.
Қазылар алқасына қатысу­шы­лардың өнерін тара­зы­лау оңай­ға соқ­қан жоқ. Десе де, байқаудың аты байқау. Шарт со­лай. Же­ңім­паздар мен жүлде­гер­лер анықталуы тиіс. Ол солай болды да.
«Сөз – құді­рет қашанда» ке­зеңі бойынша жүл­делі үшінші орын­ға 3 студент, яғни Түркіс­тан жоғары көпсалалы аграр­лық колледжінің студенті Перизат Абдурахманова, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Әмина Жұмамұрат, Қаскелең мәдениет колледжінің студенті Дінмұхамед Түлеп­бергенов ие болса, жүлделі екінші орынды 2 студент, яғни Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Айсұлу Қабышева мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Әкімжан Қуанышбекұлы өз қанжығаларына жазды. Жүлделі бірінші орынды «Парасат» колледжінің студенті Жансерік Амангелді жеңіп алды. Бұл сында бас жүлдеге Тараз сервис және технология колледжінің студенті Дамир Балпықов ие бол­ды.
«Таланттар өмірде шыңдалады» атты ке­зеңде қатысушылар Шың­ғыс Айтматов шығар­маларынан сах­налық көрініс көрсетті. Бұл кезеңде жүлделі үшінші орынға «Ақ кеме» шығармасын сах­налаған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жо­ғары колледжі, «Қы­зыл орамалды Шы­нарым» туындысын сах­налаған №3 Байзақ колледжі, «Боранды бекет» романының же­лісі бойынша қойылым қойған «Бесқарағай» колледжі (Абай облысы) ие болса, жүлделі екінші орынды «Боранды бекет» романынан көрініс әзірлеген Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжі мен «Жан пида» шығармасы бойынша сахналық көрініс көрсеткен И.Әбдікерімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі жеңіп алды. Жүлделі бірінші орын «Аққудың көз жасы» қойылымын қойған Талдықорған агротехникалық қолледжінің студенттеріне бұйырды. Ал, бұл кезеңнің бас жүлдесін «Шыңғысханның ақ бұлты» қойылымын сахналаған Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің студенттері жеңіп алды.
Байқау қатысушыларына Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының дипломдары мен алғыс хат­тары табыс етілді. Құлан агротех­никалық жоғары колледжінің демеушілігімен жүлде­гер­лерге құн­ды сыйлықтар тап­сы­­рылды. «Айтматов оқуларының» қаты­сушылары байқау­дың жоғары деңгейде ұйым­дастырылғанын бағалап, Құлан агротех­никалық жоғары коллед­жінің ұжымына, әділ қазылар алқасына ризашылығын білдірді.

Марат Диханбай.

 

Поделиться ссылкой: