Ардагерлер пікірі – елдің үні
Өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Ернар Есіркепов аудандық ардагерлер ұйымының мүшелерімен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Аталмыш жиынға Қожайхан Бижанов бастаған ауылдық округтердің ардагерлер Кеңесінің төрағалары қатысты. Аталмыш жиында аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан ілкімді істердің орындалу барысын іріктеп, айтып берді.
– Аудан тізгінін ұстағаныма 9 айдай уақыт өтті. Көп жоба жоспарланып, алғашқылары жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарына Абай ауылына келген «Ауыл аманаты» жобасын да қосуға болады. Бүгінде абайлықтар жеңілдетілген несиені толық алып, өз кәсіптерін бастауда. Бұл бастама аталмыш ауыл тұрғындарының тұрмысын тіктеп, түзетуге мол мүмкіндіктер береді. Қазірдің өзінде ауданда мал басы көбейіп, жеке кәсібін ашамын деген азаматтардың саны да күн санап ұлғайып келеді, – деп агросала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді.
– Өздеріңіз білетіндей, ауданда суармалы алқаптардың көлемі кезінде көп болатын. Арық-атыздардың, үлкен каналдардың қараусыз қалуына байланысты суармалы алқаптың көлемі бірнеше есе төмендеп кеткен. Бұл – өте өкінішті жағдай. Қазіргі таңда осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Қарақат» каналын ретке келтіру жұмыстарын қолға алып отырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, су көлемін арттыру үшін «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясын да бастадық. Нәтижесі жаман емес. Үлкен-кіші атсалысқан акцияның әрбір қатысушысына өз атымнан алғысымды айтамын. Үшіншіден, ауданда кәсіпкерлікті дамыту үшін тұрғындарға жайлы жағдай жасаудамыз. Жеңілдетілген несие, мамандар даярлау, еңбекақының бір бөлігін мемлекет тарапынан төлеп беру сынды жүйелі жұмыстарды қолға алып отырмыз. Ол үшін кәсіпкерлермен, шаруа қожалық иелерімен арнайы үш жақты меморандумға қол қойып, келісімге келіп отырмыз. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады, – деп аудан ақсақалдарына өтініш тастады.
– Құрметті ардагерлер! Мен әрбір ауылдық округтің төрағаларының артында елдің үні тұрғанын білемін. Сол себепті де өздеріңізбен пікір алмасуды, ой бөлісуді жөн көрдім. Жиын форматына сәйкес Сіздерге де сөз кезегін берейін. Ұсыныс-тілектеріңіз болса, тыңдауға әзірмін, – деп кеңес төрағаларына сөз берді.
Ардагерлер тосылған жоқ. Керісінше Серік Өтегенов, Бейсенбек Әлпейісов, Кәрібоз Ағыбаев, Үмбет Жанаділов, Райзо Шәділбеков сынды ақсақалдар ауылдағы бірқатар мәселелердің бетін ашты. Аты аталған ардагерлердің тарапынан қойылған сауалдарға аудан басшысы нақты жауаптар беріп, ұсыныс-өтініштерді хаттамаға енгізді.
Жәнібек СҰЛТАН.