Мәдениет пен өнер – ұлттың мәйегі

300 Views

21 мамыр – мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күні. Осы
мерекеге орай біз аталмыш сала қызметкерлерімен тілдесіп, пікірлерін
білген едік. Ендеше, сөз тізгінін әріптесімізге берейік.

Біз алдымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаевқа жолықтық. Ол өз сөзінде мәдениет пен өнер саласында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын әрі жеткен жетістіктер көп екенін сөз етті. Айталық, биыл Көгершін ауылындағы 90 орындық мәдениет үйі құрылысының жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Тағы бір қуанышты жаңалық, биыл Ақыртөбе ауылында да 140 орындық мәдениет үйінің іргетасы қаланбақ. Осындай жағымды жаңалықтың барлығын Рүстем Қуанышбекұлы бізге әңгіме үстінде айтып берді.
Ал енді Нұрдос Базарқұлов жетекшілік ететін «Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өткен жылы қандай жетістіктерге жетті?» дегенге келсек, онда да көп детальдар жазуға болады. Мәселен, КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланованың туылғанына 100 жыл толуына орай облыстық «Ақмаңдайлым» атты әншілер байқауында Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің әншісі Аружан Оразалы жүлделі І орынға ие болды. Одан кейін дәстүрлі «Жаңа есім – 2022» жобасы бойынша Тұрар Рысқұлов ауданынан «Вокал» номинациясы бойынша Алина Тоқтұғұл мен «Аспапта орындау» номинациясы бойынша Мұхамедали Талғатов облыстық іріктеуден өтіп, гала-концертте өнер көрсетіп, «Жаңа есім – 2022» атағына ие болды.
Сонымен қатар Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері Эльмира Асылбекова «Қазақ өнерінің қайраткері», Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының әртісі, мәдениет үйінің актері Мият Медетов «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалімен марапатталды. Одан бөлек сатирик, жазушы, Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлар арасындағы байқау фестиваліне Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымы қатысып, «Көрермендер көзайымы» номинациясына ие болды.
Облыстық «Театр – өмір айнасы» атты халықтық театрлардың облыстық фестивалінде Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымы жүлделі 1 орынға ие болып, қаржылай 150 мың теңге ұтып алды. Бұл өткен жылы жеткен жетістіктер. Биыл да аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жетістіктерден кенде болған жоқ. Айталық, биыл Қостанай қаласында Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші, композитор Қалибек Деріпсалдиннің әндерін орындаудан «Көктем – қыздар» атты республикалық әншілер байқауы өтіп, бұл өнер додасында Тұрар Рысқұлов ауданының өнерпаздары алхыс хатпен марапатталды.

Марат Диханбай

Поделиться ссылкой: