Кітапханашы ӘЛИЯ
Кітапхана – білім бұлағының қайнар көзі. Ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін жалғап, біліктіліктің киелі ордасы атанған құтты шаңырақ.
Өз мамандығын қастерлеп, кітап оқуды жастар арасында насихаттап жүрген кітапханашының бірі – Әлия Искакова. Әлия сан мәрте газетке мақала жазды. «Адамды жазуына қарап таны» – дейді ғой. Біз Әлиямен осылай танысқанбыз.
Естеріңізде болса, былтыр мамыр айында киелі Түркістан қаласында ҚР мәдениет және спорт министрлігі өңірлік мәдениет және өнер саласындағы ұйымдар мен қызметкерлер арасында «Рухани қазына – 2022» атты республикалық фестиваль өткізген еді. Осы фестивальге аудандық кітапхананың кітапханашысы Әлия Искакова қатысты. Әлия өз жұмысына тиянақты қарайтын азаматша ғой. Кез келген мәдени іс-шарада белсенділік танытып, өз пікірін айтып отырады. Ең бастысы, өз-өзіне сенімді. Әлияның білігі мен біліктілігі өз алдына бөлек әңгіме. Әйтпесе, сол Түркістанда өткен фестивальге 225 үміткер қатысыпты. Соның ішінде кітапхана ісі бойынша 125 үміткер бақ сынаған. Осы фестивальде аудан атынан барған Әлия Искакова «Үздік аудандық маңызы бар кітапхана қызметкері» номинациясы бойынша өз жұмысын қорғады. Нәтижесі жаман емес. «Рухани қазына – 2022» атты республикалық байқаудан Әлия Искакова Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Н.Дәуешовтің Алғыс хатымен марапатталып, елге абыроймен оралды.
Марат Диханбай