Қарыз алудан бұрын қайтаруды ойла…

281 Views

Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 6,3 миллионға жуық қа­зақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Тағы 1,2 миллион қазақстан­дық микроқаржы ұйымдарынан несие алған.
Әрине бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай кері әсер етеді. Қолжетімді несие­лер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыз­дық мөлшерлемелері, ең бастысы, қар­жылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын тұрғындар қарызының өсуін арттырады. Сондықтан да халықтың бір бөлігінің қарыз ауыртпалығы мәселесін жүйелі шешу үшін дәл қазір батыл қадам жасау қажет. 

Осы орайда «AMANAT» саяси партиясы, «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы» РҚБ бірлескен бастамасымен қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» атты жобаны іске қосты. Жоба аясында қатысушылар офлайн форматта оқыту курсына қатысып, қаржылық сауаттылығын арттыратын болады. Оқыту курсы 1 топ үшін 5 күнді қамтиды. 5 күн ішінде бизнес тренерлер курс қатысушыларына қаржылық сауаттылық бойынша дәріс қана беріп қоймай, бизнес жоспар әзірлеуге де көмек беретін болады.
Жуырда аталмыш оқыту курсы ауданға қарасты Көкдөнен ауылдық округінен бастау алды. Ауыл тұрғындары жоба арқылы өз қаржысын тиімді пайдалануды және шығындарын оңтайландыруды үйреніп, бизнес жобаларын әзірледі. Қазіргі уақытта курс Қарақыстақ ауылдық округінде жалғасын табуда. Қаржылық сауаттылықты арттыратын жоба, ауыл тұрғындары үшін, әсіресе банк алдында берешегі бар азаматтар үшін тиімді.
Жоба аясында 2023 жылдың соңына дейін Т.Рысқұлов ауданы бойынша 800-ге жуық ауылдық елді мекендердің тұрғындарын қамту жоспарлануда.

«Аманат» партиясының Т.Рысқұлов аудандық филиалы.

Поделиться ссылкой: