Талғамы биік өнерпаз

54 Views

Шүкір, қазір қазақтың халық әндері мен халық композиторларының сөзі келіскен, ырғаққа толы әуезді есті әндерін шырқайтын әншілер көп. Соның бірі – аудандық мәдениет үйінің әншісі Жүнісова Айша Айтжанқызы. Әнші Айшаның орындауындағы келісті әндерді талай мәдени іс-шараларда тыңдап, естіп жүрміз. Ол расыменде талғамы биік әнші. Әсіресе, патриоттық әндерді керемет орындайды. Себебі, ол – білімі бар оқыған кәсіби әнші.
Жасыратын несі бар, музыкалық білімі болмаса да, ән салып жүрген «әншісымақ дәлдүріштер» жоқ емес, бар ғой. Айшаның өнері соларға үлгі болсын деген ниетпен жазып отырмыз, әйтпесе, біздің ұзында кеткен өшіміз жоқ. Әлгі «Патша – патша, құл – құл» болсын деген тәмсілге сүйеніп айтқан ойымыз ғой. Яғни, нағыз әнші сахнада ән салу керек. Сол нағыз әншінің бірегейі – Айша Жүнісова деп білеміз. Бәзбіреулер ойлауы мүмкін, «Айшаның Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісоваға туыстық қарым-қатынасы бар ма?» деп. Біз айтайық оны. Ешқандай туыстық қарым-қатынасы жоқ. Тек, тектері ұқсас.
Әнші Айша Жүнісова еңбек жолын 2007 жылы Байзақ ауданынан бастаған. Сонда еңбек етіп, талай байқауларда топ жарды. Мәселен, «Байзақ жұлдызы» байқауында жүлделі І орынды иеленіп, «Тараз жұлдызы» байқауында бақ сынады. Жай бақ сынаған жоқ, жүлдегер атанды. Біздің ауданға ол 2017 жылы қызметке орналасты. Содан бері мінеки, 6 жыл болды, ауданда өткен кез келген мәдени іс-шарада Айша қыздарыңыз сахнада әнін айтып, көрерменнің алғысына кенеліп жүр. Алты жасынан бастап ән шырқап жүрген Айша Жүнісованың ауданда тыңдармандары жетерлік. Есті ән айтқан әншіні жұрт әрқашан төбесіне көтереді. Дәл сол секілді халық Айшаның өнерін құрметтейді, бағалайды. Нағыз кәсіби әнші үшін зор бақыт дегеніңіз осы емес пе…

Поделиться ссылкой: