Ағаш көшеттері отырғызылды
51 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Биыл Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің құрылғанына – 48 жыл. Кеше аудандық мәдениет үйінде жас өрендерді музыкаға баулып, олардың өнерін шыңдап жүрген киелі шаңырақ – Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқытушылары әдеттегідей 25 мамырда дәстүрге айналған жылдық есептік концертін өткізді. Бұл концерттің өтуіне ерекше үлес қосқан оқытушының бірі – Айдана Құлтасова.
Концертке аталмыш қосымша білім беру мекемесінің тәрбиеленушілерімен қатар ата-аналар да қатысты. Есептік концерттің шымылдығын Күздеухан Түлендібаев пен Қалбүбі Абдикадирова сөз сөйлеп, ашып берді. Содан соң Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов пен аталмыш музыка мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанат Әбілғазина сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде музыка балаларды эстетикалық тәрбиеге баулитынын айтты. Одан кейін қосымша білім беру мекемесінде домбыра, фортепиано секілді тағы да басқа сыныптарды тәмамдаған тәрбиеленушілерге куәліктерін табыстады.
Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінен талай дарынды шәкірттердің түлеп ұшқанын біз жақсы білеміз. Сондықтан да концерттің жоғары деңгейде өтетініне ешқандай шүбә келтірмегенбіз. «Музыканың ұлтқа бөлінбейтінін» осы концерттен анық аңғардық. Әуелі саз мектебінің оқытушылары қазақ композиторларының күйлерінен попурри орындады. Зал ерекше қол соқты. Одан кейін фортепиано аспабымен Баян Ибраева Карлос Гардельдің «Танго», Томирис Оразалиева Г.Гендельдің «Смешной фаготик», Назерке Сәрсенбай Людвиг Ван Бетховеннің «Соната», аккардеон аспабымен Жамбыл Бошқай Г.Гендельдің «Пассакалия» шығармасын керемет орындады.
Қазақ халық композиторларының әндерінен попурри айтқан дәстүрлі ән сыныбының тәрбиеленушілеріне де жұрт ерекше ықылас көрсетті. «Бибі» вокальдық ансамблінің қыздары да «Мереке» әнін тамылжыта шырқады. Кезек домбыраға келді. Домбыра сыныбының тәрбиеленушілері де шын шеберлер екен. Яғни, «Балауса» домбырашылар ансамблі «Балбұлақ», «Шабыт», «Кербез сұлу» күйлерін келісті орындады. «Жас талант» квартетінің орындауындағы «Қазағым» әні де жүрекке жылулық сыйлады.
«Школа» әнін естігенде мектептегі жылдар еске түсті. Осы ән орындалған сәтте алдымызда отырған бір көрерменнің көзіне жас алып отырғанын көрдік. Бұл бәлкім, әннің құдыреті шығар. «Школа» әнін жоғары деңгейде шырқаған «Бибі» вокалдық ансамблінің орындаушыларына мың алғыс. Кезек «Нота кілтін» табыстау рәсіміне де келді. Аталмыш мектептің үздік түлегі Ермек Есімбек жүрекжарды лебізін айтып, Дария Момынқұлға «Нота кілтті» табыс етті. Дария да Ермек ағасына ізгі ниетін білдіріп, өнердің өрісін кеңейтуге уәдесін берді. Содан соң «Керемет» хор ұжымы «Мектеп вальсі» әнін орындады. Одан кейін барлық балалар сахнаға шықты. Олар композитор, осы мектептің түлегі Нұрислам Сәменқұловтың әні мен сөзіне жазылған мектеп гимнін «Жаңа жұлдыз» триосымен қосыла шырқады.
М.Жолдасбекұлы.