Игі істің басына – жақсы келер қасына

491 Views

Қазақта «Игі істің басына – жақсы келер қасына» деген қанатты сөз бар. Ауылымызда қашанда игі бастамаларды қолға алып, көпшіліктің құрмет-қошеметіне ие болып жүрген азаматтар жетерлік. Олардың қатарында Каменка ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мақсат Құрамысов та бар.
Мақсат Мұқанғалиұлы – ауыл шаруашылығына жаны құмар, адал еңбегімен кәсібін өрге домалатып отырған азамат. Оның осыдан 1-2 жыл бұрын қолын алған Каменка ауылында орналасқан «Бәйдібек баба» мешітінің жанындағы асхана құрылысы аяқталуға жақын қалды. Қазіргі уақытта құрылыстың соңғы жұмыстары жүргізілуде. Құдай қаласа, алдағы бір-екі айда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, асхана ауыл халқының игілігі үшін қызмет жасайтын болады.
Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, ауылымыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебін 2003 жылы аяқтаған биылғы 20 жылдық түлектер облысымызда жүзеге асырылып жатқан «Жомарт түлек» жобасының дәстүрлі жалғасы ретінде мешітіміздің алдына қазіргі заман талабына сай әсем де сапалы безендірілген бастырма жасап берді. Бүгінгі күні мешітіміз көркейіп, ауылымызға қосымша сән бере түсті.
Осындай атқарылып жатқан шаруаларды ескеріп, өткен жұма күні мешітіміздің бас имамы Қайсар Сұлтанов көпшілік жиында жеке кәсіпкерге, 20 жылдық түлектерге және ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ белсенді азаматтарға алғыс хаттар тапсырды. Сонымен қатар, жиында ауыл ақсақалдары Алпысбай Оразбаев, Серібай Момынжанов және Өмірзақ Жорабеков ағаларымыз марапатталған азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, игі істеріне сәттілік тілеп, ақ баталарын берді. Ауылымызда осындай игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген ниеттеміз.

Мақсат Исабаев,
Каменка ауылының тұрғыны.

Поделиться ссылкой: