Біз бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз

322 Views

Адамзат баласының ақыл-ойы қаншама жетілгенімен табиғаттың тылсым құпияларының алдында әлі де дәрменсіз. Осыдан дәл жиырма жыл бұрын халқымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың есімін еншілеген аудан тұрғындары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара егемен елімізді гүлдендіру жолында еселенген жігермен еңбек етіп жатқан. Кенет… Иә, кенет…
Табиғат тарпаң мінез танытып, Жер-Ана діріл қағып, құлақ тұндырар ащы дауыс кеңістікті жаңғыртып, дүние астаң-кестең болып жүре берді. Бұл ешкім болжап біле алмайтын, ешқандай ғылымның күші жетпейтін табиғат құпиясы болатын. Зілзала…

2003 жылдың 23 мамырында түнгі 1 сағаттан 12 минут өткенде аудан аймағындағы Құлан, Қызылшаруа, Абай ауылдары мен Луговой кентінің төңірегінде 6,5-7 баллды қатты жер сілкінісі болды. Жер дүмпуі салдарынан 16 оқу орыны, 12 емдеу мекемесі, 23 әкімдік ғимараты және 7502 тұрғын үй зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрмысқа, шаруашылыққа зор зиянын келтіріп, байланыс, коммуникация тораптары қирады. Осы жағдайларға байланысты Үкімет қаулысымен ауданда төтенше жағдай жарияланды. Кең байтақ Республикамыздың түкпір-түпкірлерінен киіз үйлер, палаткалар, дәрі-дәрмектер жеткізіле бастады.
Зілзала аймағында 241 құрылыс ұйымдары жұмыс істеп, қалпына келтіру жұмысы тез-ақ басталып кетті.
2003 жылдың 1 желтоқсан айына дейін жаңадан 2563 тұрғын үй салынып, 4756 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, облыс орталығынан 3 үй соғылып, 132 пәтер пайдалануға берілді.
«Кімнің кім екенін, ынтымақ пен бірліктің не екенін басыңа түскенде білесің» дейді дана халқымыз. Осынау қысылтаяң сәтте барша Қазақстан жұртшылығы Құланға ағылып, көмек қолын созды. Зілзала зардаптарын қалпына келтірді. Біз бұл жақсылықты ешқашанда ұмытпаймыз.

Деректер мен дәйектер
«Құлан өңірі – тұнған шежіре» атты кітабынан алынды.

Поделиться ссылкой: