Басты міндет – халыққа адал қызмет ететін сервистік аппарат қалыптастыру
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттардың бірі ретінде алға қойған болатын.
Біз үшін басым міндет – халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру.
Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіруді және одан «шығуды» жеңілдету, дарынды басқарушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамыту шараларын қамтиды. Мұны жүзеге асыру үшін тиісті заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Өткен жылдың қараша айында аудан әкімдерін сайлау жөнінде Заң қабылданды. Сәйкесінше, биылғы жылдан бастап, пилоттық режимде кейбір аудан әкімдерінің тікелей халықпен сайланатыны ескеріліп, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Онда сайланатын әкімдер сынақ мерзімінен және ротациядан босатылады. Сайланған әкімдерге «лауазымын төмендету» тәртіптік жазасы алынып тасталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында былтыр желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғарғы көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
Заңнамаға енгізілген өзге де толықтыруларға сәйкес, бұдан былай екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.
Заңнамадағы жаңашылдықтардың бірі – өңірге барып жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем енгізіліп отыр. Қолданыстағы Заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс.
Осы айтылғандармен қатар, Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін, міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс деген талап алынып тасталды. Бірақ, Академия түлегінің жалпы мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс өтеуіне қатысты талап сақталады.
Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының
персоналды басқару бөлімшесі.