Сәтей ақсақалдың әңгімесі
Өмірде кездесетін кейбір оқиғалардың түпкілікті есіңде қалатын жағдайлары орын алады екен. Сондай бір кездесу менің де басымнан өтті. Ендеше баяндап берейін…
Жоғары білім алып, «құрылыс инженері» деген мамандық иесі атанып, ауылға оралған шағым. Сол кезде аудан орталығындағы «ПМК – 2005» құрылыс мекемесінің өндірістік техникалық бөліміне қатардағы инженер ретінде орналастым. Басшымыз атқарған жұмысыма ризашылығын білдіре отырып, қосымша жұмысқа тарта бастады. Сондай бір кезеңдердің бірі болатын. Ерте көктемнің жайма шуақ кезі. Қар еріп, жердің дегдімеген, күннің бата бастаған шағы еді. Таудан соққан әдемі жылы самал бойыңа ғажап сезім сыйлап тұр. Осындай бір мезетте, өндірістік ауламызды аралап, атқарған жұмыстар туралы мәлімет жинақтап, келесі күннің жұмыс жоспарын ой елегінен өткізіп, жайлап келе жатқанмын. Кенет… Алдымнан бір аттылы кісі кезіге кетті.
«Біздің ауламызда не істеп жүрген жан?» деген сұрақ көкейіме келсе де, жасы үлкен ақсақал ғой, бір жұмысы бар шығар деген оймен өз жөніммен жүре бердім. Сол кезде:
– Әй бала?! Тоқта! – деген дауысты естіп артқа бұрылдым. Әлгі ақсақалға зер сала қарап, не деген керемет көрініс деген ойға келдім. Мінген аты ше?.. Кәнігі ертегідегідей. Өмілдірігі төгілген, ұзынша келген, сұңғақ мойынды, жіңішке сирақты нақ тұлпардың өзі дерсің. Ал аттың үстіндегі адамның отырысы қандай, шіркін! Өзі бидай өңді, келбетінен нұр төккендей, шырайлы кісі екен. Бір қырында отырған отырысы тап бір сурет көрмесінің кейіпкеріндей көрінді. Жақындап барып, «Ассалаумағалейкүм» – деп сәлем бердім. Сәлемімді алған қария:
– Әй, қай баласың? Қайдан келдің? Жақында жұмысқа орналасқан жас бала сен боламысың? Есімің кім? – деген сұрақтарды бастырмалата қойып үлгерді. Менде шама-шарқым жеткенше жауап қайырдым. Бір сәтте әлгі қария тосын мінез көрсетіп, аттан қарғып түсіп:
– Уа, балам, сен емес, мен саған сәлем беретін кезім екен. Атаңнан айналайын, әулелі жердің ұрпағы. Үлкен кісінің мұнысы қандай әбестік деп, сен таңырқама. Сенің әкең маған жиеншар болып келеді. Атаңның арқасында жарық дүниені көруді Алла маған нәсіп етіп, екінші рет дүниеге келіппін. Мен саған осы бір оқиғаны баяндап берейін, – деп әңгімесін бастап кетті.
Нәресте шағым, ол кезде қазіргі замандай емхана, дәрігерлер деген атымен жоқ. Жарық дүниені көрген мезеттен-ақ аурушаң болып, нәрелжін өсіппін. Ата-анамның апармаған жері жоқ. Ел аралап, емшілердің біразын араласа керек. Ем қонбапты.
Күндердің бір күнінде, құдайы қонақпын деп бір аттылы кісі үйге келеді. Жастар атты бағанға байлап, үлкендер әлгі азаматты үйге кіргізеді. Сусыны қанып, әл-күшін жинаған қонақтың көзі, бір бұрышта ыңырсып жатқан маған түсіп, менің әкеме: – Әй, замандас! Мұның не? Мына баланы емдемейсің бе? – деп сұрақ астына алады. Мән-жайды түсінген қонақ:
– «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» – деген қазақ атам. Осы іргеңде тұрған өздеріңнің жиендерің, халық арасындағы есімі «Сары молда», ал азан шақырып қойған аты «Мәделі» деген кісі бар. Сол кісіге неге көрсетпейсіңдер? Кеш қалмай, сол ауылға жолға шығыңдар! Бір ем болса, сол кісіден жазылыр. Ал мен сендерге кедергі келтірмей, жолымды жалғастырайын, – деп аттанады.
Әкем жарықтық ат-арба дайындап, жігіттерін ертіп, ауыл-аймақпен жолға шығады. Сол мезет кешқұрым уақыты болса керек. Мәделі молда үйде отырып, Адас апамызды шақырып:
– Әй, Адас, менің нағашыларым бір ауыл болып, біздің үйге жол тартып келеді. Арбада қатты ауырып бір бала жатыр. Сен бір қара қойды сойдырып, ас мәзіріңді дайында. Мен көшті тоқтатпай, суыт жүрсін деп бір хабаршы жіберейін. Олар шөлдеп, шаршап-шалдығып келеді. Бір топ аттылы жігіттер алдынан шығып сусындатып, көшті бастап келсін, – деп бұйыра сөйлейді.
Таң рауандап атқан шақта, бір топ аттылы жігіттерді көрген көш селт етіп тоқтай қалады. Жігіт ағасы жағдайды түсіндіріп, елді сусындатып, «көш жедел жүрсін, бұл молдекеңнің тапсырмасы» деп жұртты мешітке қарай бастайды. «Жиен біздің келе жатқанымызды қайдан білді екен?» деп қайран қалған әкем жақсылыққа жорып, «Құдайға шүкір, тоба! Алла біздің жолымызды беретін шығар…» деген оймен, жеделдетіп сапарын жалғастырады.
Күн біраз жерге көтерілген шақта, көш мешіттің ауласына кіріп тоқтайды. Ауыл-аймақ мәре-сәре болысып, бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасып, абыр-сабыр күйге түсті.
Сары молда Адас апамызға:
– «Жол азабын жүргінші біледі, ауыл арасы қашық, қонақтарды үйге кіргізіп жайғастыр, сусын бер, бел жазып дем алсын» – деп тапсырады.
– Ал жаңағы арбадағы баланы маған бер, ол әбден қалжыраған, талықсып жатыр, тездетіп емдемесе болмайды, – деп мені қолына алыпты.
Таңқалатын бір ғажайыбы, мені тумысында көрмесе де, басымды теңдейтін шұңқырды алдын ала дайындап қойған екен. Қатты қобалжып, үйге бір кіріп, бір шығып жүрген әкеме:
– Сабырлы болыңыз, ұлыңыз әлі-ақ шапқылап ойнап кетеді, – деп жұбатады.
Емін аяқтап, мені көтеріп үйге кірген молда, анамның қасына келіп:
– Сіздің қасыңызға жатқызайын, өзіңіз ықтиаттап бақылай отырыңыз, – деп мені анамның құшағына тапсырады. Сол жатқаннан тырп етпей бір сәтке ұйықтаппын. Содан соң ғана бас көтеріп, аз-аздап асқа тәбетім ашыла бастады.
Бір аптадай емделгеннен соң, елді дастархан басына шақырып: – Бұл баланың дәм-тұзы таусылмаған екен, енді бір күн кешіккенде баладан айырылып қалуларыңыз әбден мүмкін екен еді. Аллаға мінажат етіп, қайтадан азан шақырып, қамат айтып, сәтті күні келген екенсіздер, сенің көркем есімің Сәтей болсын, – деп атаған екен.
– Бірінші құдай, екінші аруақ, содан соң қасиетті, молдекеңнің арқасында мен мына жарық дүниеге екінші рет келіппін. Атаңнан айналайын, балам қолыңды жай, жас бала екенсің, мен де саған өз батамды беремін, – деп батасын берді.
Батаменен ер көгерер,
Жауынменен жер көгерер, – деген ақиқат. Сол бір дуалы ауыздан шыққан шынайы тілектер менің өмірімнің арқауы шығар деген ой әлі де маған күш, жігер, қуат беруде.
Т.Кұлмахамбетов,
зейнеткер.