Мерекелік құттықтаулар
ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫ!
ҚЫМБАТТЫ ЖЕРЛЕСТЕР!
Сіздерді елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын бірегей белгісі – МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Тәуелсіз еліміздің тарихындағы ерекше маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күнінің белгіленуі. Бүгінде өткенге салауат, келешекке аманат етер Гимніміз, халқымыздың тарихи жолын, туған еліміздің тұрмыс-тіршілігін, ұлтымыздың салт-дәстүрін паш етер Елтаңбамыз, қолымызда желбіреген Көк байрағымыз бар.
Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Отанды қастерлеу, туған елге деген шынайы құрмет – Мемлекеттік рәміздерді қадірлеуден басталады.
Мемлекеттік рәміздер – елдіктің, егемендіктің басты нышаны, ұлттық рух пен қоғамдық келісімнің, сондай-ақ, патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы. Сондықтан біздің әрбіріміз Отанды қалай құрметтесек, мемлекеттің нышандарын да сол дәрежеде қастер тұтып, құрметпен қарауға тиіспіз.
Әрқашан Елтаңбамыздың еңсесі биік, Мемлекеттік Туымыз көк жүзінде қалықтап, әлемдік табыстарымыздың салтанатында Гимніміз шырқала берсін! Халқымыздың айбарын асқақтатып, бойына ұлтжандылық дарытатын нышандар төрімізден түспей, тұғыры биік болсын!
Аудан әкімі Е.Есіркепов.
Аудандық мәслихат төрағасы Е.Әбутәліпов.