Музыканың әлемі – Төлебаев мектебі!
120 ViewsӨткен сенбіде Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өздерінің 50 жылдық мерейтойларын атап өтті. «Шығармашылық пен еңбектің жарты ғасыры» деген тақырыпта өткен Мэлс…
Біз М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Гуманитарлық -әлеуметтік ғылымдар» факультеті конвергентті журналистика мамандығының студенттеріміз. Биыл алғаш рет газеттен өндірістік іс-тәжірибеден өтіп отырмыз.
Оқушы кезімізде «газет шығару ісі оңай» деп ойлайтынбыз. Олай емес екен. Оны редакцияға келіп, әңгімелескен соң ғана білдік. Жай біліп қана қойған жоқпыз, сол күні берілген тапсырманы айтсаңызшы. Біз абдырап қалдық. Өндірістік іс-тәжірибе жетекшімізге ләм-мим дей алмадық. Іштей тындық. Сөйттік те Көкдөнен ауылына жол тарттық.
Барғанымыз қандай жақсы болған. Керемет көріністің куәсі болдық. Қасымдағы Мадина құрбым екеуіміз бір-бірімізге қарап қоямыз. Ол да маған қарап:
– Дариға, қандай ғажап көрініс!,– деп таңданысын білдірді. Мектеп оқып жүрген кезде талай концерттік іс-шараларды көргенбіз. Мына іс-шара енді нағыз кәсіби мамандардың атсалысуымен өрбігені көрініп тұр. Мұнда, яғни біз барған Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінде ауданымыздың құрылғанына 85 жыл толуына орай «Ауылым – алтын тұғырым» атты іс-шара ұйымдастырылған екен. Осылайша біздер аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері қолдап, Қорағаты, Ақбұлақ, Құмарық, Қызылшаруа және Көкдөнен ауылдарының мәдениет үйі жетекшілерінің ұйымдастыруымен өткен ілкімді шараның куәсі болдық.
Біз атаған мәдениет үйінің жетекшілері іс-шараның өткізілуіне тыңғылықты дайындалыпты. Қазақы танымдағы салт-дәстүрдің ерекше үлгілері көрініс арқылы көрсетілді. Аталмыш іс-шараға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық мәслихаттың депутаты Ердос Сақпанқұлов, ауыл ақсақалы Ораз Үкібаев, «Құлан-Дән» несие серіктестігі басқармасының директоры Рахманәлі Әбдіқадіров пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев қатысып, сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін білдірді.
Содан соң келген қонақтар ауылдық мәдениет үйінің ішіне енді. Концерт көруге. Біз де залдағы орындықтардың біріне жайғастық. Іште тулап жатқан бұлқыныс сезімімізді сөзбен айтып жеткізе алмаймыз.
Концертте би билеген «Іңкәр» би тобының аруларына тамсандық. Іс-шара Көкдөненде өтіп жатқандықтан, даңқты композитор Мэлс Өзбековтің әні басқаны былай қойғанда, Көкдөненнің мәдени сахнасында шырқалуы заңдылық деп білеміз. Мэлс ағамыздың «Келші Құланға» әні концертте орындалды. Оны шырқаған Құмарық ауылының өнерпазы – Жанболат Байсейітов. Ауданымыз Тұрардай тау тұлғаның есім-сойымен аталғандықтан, дәл осы іс-шарада Тұрар Рысқұловтың өмірі жайлы қойылған көрініс тіпті тамаша болды. Қорағаты ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Айгүл Жұмабайдың орындауындағы композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым елім» әнін жұрт ықыласпен тыңдады. «Ауылым әнім» әнін шырқаған Жансұлу Спанның да өнері көптің көңілінен шықты деп ойлаймыз. Содан соң ән салған дәстүрлі әнші Гүлнәзия Пірімқұлованың, ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінен құралған фольклордың, «Еркежан» би тобы қыздарының көрсеткен өнерлеріне көкдөнендіктер ерекше қошемет көрсетті. Концерт соңы есті әндерімен елдің есінде қалған Ескендір ағамыздың «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Дариға Сейлібайқызы,
Мадина Мұсабай.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Гуманитарлық -әлеуметтік ғылымдар» факультеті конвергентті журналистика мамандығының 1 курс студенттері.