Жортқанда жолың болсын, жас түлек!
Ауданымызда үш рет республикалық 100 мектептің қатарына енген білім ошақтарының саны некен саяқ. Тіпті, жоқ деуге де болатын шығар. Ақбота Стыбаева басшылық ететін Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің жетістігі көп.
Бұл мектеп әлгінде жазғанымыздай, үш рет республикалық 100 мектептің қатарына енген. Аталмыш білім ошағында білікті мұғалімдер дәріс бергендіктен, осындай жетістікке жетіп отырғаны анық.
Өздеріңіз білесіздер, әдетте мамыр айының 25-ші жұлдызында өтетін мектеп бітіруші жас түлектердің салтанатты іс-шарасы биыл алғаш рет маусым айының 1-ші жұлдызына ауыстырылған еді. Себебі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Кеше Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектебінде «Бала бақыты – болашақ кепілі» деген тақырыпта мектеп бітіруші жас түлектермен қоштасу кеші өтті. Бұл салтанатты іс-шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы барып қатысты. Одан өзге мектеп бітіруші жас түлектерді шығарып салу кешіне аудандық мәслихаттың депутаты Тұрсынбек Досаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев, Жақсылық ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы, ардагер ұстаз Әнуарбек Тұрманбетов, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қожамұрат Байтұманов қатысып, арнайы шақырылған қонақтардың төрінде отырды.
Мектеп ұжымы салтанатты шараға әдеттегідей керемет дайындалыпты. Оқушылар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, Қазақ елінің Әнұранын қосыла шырқаған сәтте жүрек толқыды. «Браво!» дестік. Содан соң аудан әкімі Ернар Есіркеповке сөз берілді. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы Жақсылық ауылынан талай дарынды оқушылардың шыққанын, әсіресе, бокстан Сидней Олимпиадасында еліміздің Көк Туын шаршы алаңда желбіретіп, алтын медаль еншілеген Ермахан Ыбырайымовтың осы ауылда туып өскенін, ауданда білім саласында ауқымды жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етіп, мектеп бітіруші жас түлектерге сәт сапар тіледі.
Келген қонақтар мен салтанатты шараға қатысқан ауыл тұрғындары «Тұмар» би тобының, «Ұстаз ана» әнін шырқаған «Айналайын» тобының, «Алақай» би тобының көрсеткен өнерлеріне тәнті болды. Салтанатты шарада аудандық мәслихаттың депутаты Тұрсынбек Досаев, Жақсылық ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы, ардагер ұстаз Әнуарбек Тұрманбетов те сөз сөйлеп, жас түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алып, болашақта жақсы маман болуға ниеттес екендіктерін жеткізді. Мектеп бітіруші жас түлек Кәусәр Үсен білім беру мекемесінің «Алтын кілтін» 10 сынып оқушысы Сымбат Төкеге тапсырды. Кәусардың сөйлеген сөзінен мектепке деген қимастық сезімнің лебін көрдік. «Соңғы қоңырау» әнін орындаған Әдемі Әшімнің де өнеріне жұрт ерекше қол соқты. Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің 40 және 20 жылдық түлектері де ортаға шығып, сөз сөйледі. Олар да өздері білім алған білім ошағындағы қызықты сәттермен бөлісіп, дәріс берген мұғалімдеріне сый-сияпаттарын берді. Одан кейін… Көптен күткен соңғы қоңырау үні де естілді.
РS: Бірде Ескендір Зұлқарнайыннан «Сен не себепті әкең Филипп патшаға қарағанда ұстазың Аристотельді көбірек құрмет тұтасың?» деп сұрапты. Сонда Ескендір:
– Әкем менің тәнімді тәрбиелеп, көктен жерге түсірді. Ал ұстазым Аристотель болса, керісінше, жанымды тәрбиелеп мені жерден көкке көтерді», – деп жауап қайырған екен. Осы сөз Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектебін тәмамдап отырған жас түлектерге өнеге болады деген ойдамыз.
Дәл осы күні ауданымыздың көптеген мектептерінде соңғы қоңырау үні естіліп, оның соңы концерттік шараларға ұласты.
Марат Диханбай.