Балаларды қуанышқа бөледі
Атақты әдебиет сыншысы, профессор, орыс ғалымы Николай Шелгунов өзінің бір сөзінде «Ерлік әдетте жұмсақ мінезді серік етеді, сондықтан ер жүрек адам қайырымдылық жасауға басқадан гөрі қабілетті келеді» деген екен. Аталмыш сөздің түп төркініне терең үңілсеңіз, оның растығына еріксіз куә боласыз. Айту ләзім, жуырда біз бұл сөздің дұрыс айтылғанына сырттай қанық болып қана қоймай, тікелей де көз жеткіздік.
Өткен аптаның жұмасында Луговой ауылында орналасқан 03811 әскери бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Атап айтар болсақ, аталмыш әскери бөлім басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, капитан Шерхан Балтабай мен отбасы мүшелерімен жұмыс жасау бөлімшесінің басшысы Альфия Бейсенова 1 маусым – Халықаралық балалардың құқығын қорғау күніне орай Каменка ауылындағы жасөспірімдер мен балаларды оңалту орталығына арнайы барып, орталық тәрбиеленушілеріне ойыншықтар, қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты.
Әскери бөлім басшысы орынбасарының айтуынша аталмыш іс-шараға бөлім қызметкерлерінің басым бөлігі атсалысыпты.
– Бұл баянды бастамаға бөлім қызметкерлері бір кісідей атсалысты. Осыған орай барша әріптестеріме ерекше алғыс айтамын. Бала – біздің басты байлығымыз. Оларды дұрыс деңгейде қамтамасыз ету – ортақ міндетіміз. Шыны керек, бүгін біз бүлдіршіндердің тірек-қимыл іс-әрекетін әрі ойлау қабілетін дамытатын ойыншықтарды алуға тырыстық. Бас бармақпен бағаланатын бұндай бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деп орамды ойымен бөлісті.
Айта кетейік, аталмыш оңалту орталығында дәл қазіргі таңда 30-дан астам бала тәрбиеленуде.
«Құлан таңы» ақпарат.