Мерекелік құттықтаулар
ҚАДІРЛІ ҰСТАЗДАР МЕН АТА-АНАЛАР! ҚҰРМЕТТІ МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР!
Сіздерді 2022-2023 оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген болатын. Қазіргі таңда елімізде жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне айрықша назар аударылып, олардың сапалы да заманауи білім алып, үлкен азамат болулары үшін барынша жағдай жасалып келеді. Осы ретте сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы ұлағатты ұстаздардың еңбегі орасан зор. Соңғы үш жылда 4,1 млрд. теңге білім саласын дамытуға бөлініп отыр. 2025 жылға дейін ауданымызда білім саласында 21 жоба жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде 6 мектеп құрылысы, 15 білім беру мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Биылғы оқу жылында ауданның 444 оқушысы әртүрлі олимпиада мен байқауларда топ жарса, 69 педагог облыс және республикалық байқаулардың жүлделі орындарын иеленді. Ауданымызда 726 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде 9 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 41 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұстаз – болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыстар тілейміз!
ҚҰРМЕТТІ МЕКТЕП БІТІРУШІ ЖАС ТҮЛЕКТЕР!
Сіздер балалықтың бал шағын артқа тастап, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы отырсыздар. Осы жауапты кезеңде өздеріңіздің 11 жыл бойы алған білімдеріңізді дұрыс қолданып, дұрыс таңдау жасауларыңыз – аса маңызды. Барша жас түлектеріміз алдағы сынақтардан жоғары нәтижелер көрсетіп, еліміздің білікті де білімді маманы атанып, ел игілігі үшін қызмет ететін маман болуларыңызға тілектеспіз. «Ел сенімін, үлкендер үмітін ақтаймын» деген талаптарыңызға нұр жауып, алдарыңыздан болашақтың даңғыл жолы ашылсын. Әрқашанда денсаулықтарыңыз мықты, келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз жарқын болсын!
Аудан әкімі Е.Есіркепов.
Аудандық мәслихат төрағасы Е.Әбутәліпов.