Спортты серік еткен Сержан

256 Views

Спорт адамның айнымас серігі, оны түсінген жан ғана көздеген өз мақсатына жете алады. Мақсаты айқын, жоспары жүйелі бір жанды біз жақсы білеміз, ол – Құмарық ауылының спорт әдіскері Сержан Баденов.

Қызылорда облысы, Жалаңаш ауданында 1984 жылы дүниеге келген Баденов Сержан Төлешұлы 1987 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылына әкесінің жұмыс бабымен көшіп келеді. Ол 1991 жылы Болтай батыр атындағы орта мектебіне оқуға барып, 2001 жылы мектепті тәмамдаған. Осы жылы Тараз мемлекеттік университетіне «инженер-механик» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2006 жылы аяқтаған соң әртүрлі салада жұмыс істейді. Жастайынан спортты серік еткен кейіпкеріміз әскери салада қызмет ету арманына 2011 жылы қол жеткізеді. Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде жұмыс жасайды.
Алайда өз өмірін спортпен байланыстырған Сержанның «ауыл спортын дамытсам…» деген арманы да бар еді. Сол арманның жетегімен 2017 жылы ауылына қайта оралып, спорт әдіскері болып жұмысқа орналасады. Міне, содан бергі арада өткен 6 жыл ішінде Сержан Төлешұлы ауыл спортына ерекше серпін берді.
Сержан Баденов еңбек ететін Құмарық ауылдық округіне қарасты Құмарық, Қаракемер,Алғабас елді мекендерінде шамамен 1200-ге жуық тұрғын бұқаралық спортпен айналысады. Ауылдың талантты спортшылары аудан, облыс көлемінде ел мерейін үстем етіп жүр. Олардың әрбір жарқын жеңісінің артында Сержан Баденовтың еңбегі тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның ауыл жастарының басын қосып, жаңадан спорт алаңшаларын салып, ескілерін қайтадан кәдеге жаратып жүрген еңбегі де атап өтуге тұрарлық.
Ауылға жанашыр Сержан Төлешұлы бойындағы қарым-қабілеті мен табандылығының арқасында артылған сенім үдесінен шығып келеді. Тиісінше еңбегі елеусіз қалмай, ескеріліп жүр. Өткен жылдың соңында Астана қаласында өткен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты республикалық конференцияда Сержан Төлешұлы «Үздік нұсқаушы» номинациясымен марапатталды. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен І республикалық ауыл нұсқаушыларының конференциясында жерлесімізге марапатты сол кездегі мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың өзі табыстады.
Сержан әрбір бастамасына қолдау білдіріп, қол ұшын созатын ауылдастарына дән риза. Сөз соңында кейіпкеріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жанашырлықпен жұмыла жұмыс істесек, талай белестерді бағындыратынымызға сенімді екенін жеткізді. Бізде өз кезегімізде Сержан сияқты еліміздің бүгіні мен болашағына алаңдайтын жастарымыздың барына бір марқайып қалдық.

Хаджат Махаділда, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Веб- журналистика факультетінің 1 курс студенті.

Поделиться ссылкой: