Ерді ел мүддесі өсіреді

216 Views

Денсаулық пен білімді дамыту, өмір сүру сапасын жақсарту, жұмыс және тұрғын үймен қамту, қауіпсіздікті қатаң сақтап, халықтың әл-ауқатын көтеру – әлеуметтік мәселелердің басты аспектілері. Оларды шешу мемлекеттік қызметшілердің құзырында һәм алдында тұрған міндеттердің бірі. Сондықтан болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 3 наурызында әр түрлі деңгейдегі әкімдерге халықпен жиі кездесудің үлгісін ұсынып, арнайы Жарғысын да жариялаған болатын. Аталмыш Жарғыда халық үніне құлақ түріп, туындаған мәселелерді дереу орындау үшін нақты іс-шараларды қабылдау керектігі туралы айтылған.

Жарғыда жазылған тапсырмалар жергілікті жерлерде тиісті деңгейде жүзеге асуда. Оған дәлел ретінде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің осы күнге дейін халықпен өткізген кездесулерін атап өтуге болады.
Дәл сондай жиындардың бірі сәрсенбі күні Қайыңды және Тереңөзек ауылдық округтерінде өтті. Бұл жолы аталмыш кездесуге аудан әкімі Ернар Есіркепов емес, оның міндетін уақытша атқарушы орынбасары Ерғазы Еспенов қатысты. Оған аудан әкімінің еңбек демалысында болуы басты себеп.
Ерғазы Жұмабекұлы ең алдымен Қайыңды ауылдық округіне барып, үш бірдей елді мекеннің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция, шағын және орта бизнес салалары бойынша жүзеге асып жатқан ілкімді істерді жіпке тізді. Солардың ішіндегі ең маңызды істердің бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.
Қанатқақты жоба алғашында «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» деп аталған болатын. Бүгінде ол аймақтың бірқатар елді мекендеріне жол тартып, оған «Ауыл аманаты» деген айдар тағылды. Бұл жоба аудан аумағында алғаш рет Құмарықта жүзеге асса, енді міне Абай ауылында қарқынды түрде жүріп жатыр. Біздегі бар мәліметтермен бөлісейік…
Абай ауылдық округіне қарасты екі елді мекен бар. Оның бірі – Еңбекші, екіншісі – Көкарық. Жалпы аталған қос елді мекенде орналасқан 383 аулада 2137 адам тұрады. Дәл қазіргі таңда аталмыш жобаға ауылдағы ауланың 95 пайызы қатысуда. Бес бағыт бойынша бүгінгі күнге дейін 1 064,9 млн. теңгеге өтінім түсіп, оның 1020,8 млн.теңгесі сәтті игерілген. Алдағы уақытта бұл қаражатқа 130000-нан астам мал басы сатып алынып, қалған қаржы жарқын жобаның өзге де бағытына жұмсалмақ ниетте.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл көмекті қайыңдылықтар да естіп-біліп отыр. «Сұрақ-жауап» кезеңінде сауал жолдаған ауыл жастарының бірі Ақтөре Әбдірәсіл Ерғазы Жұмабекұлынан осы бір қанатқақты жоба қашан Қайыңды жеріне келетінін сұрады. Тосыннан қойылған сауалға Ерғазы Жұмабекұлы тосылған жоқ. Керісінше, өзіне жақын сала болғандықтан, ауыл тұрғынының тілегіне толыққанды жауап қайтарды.
– Өздеріңізге белгілі, бұл жобалар алғаш рет Құмарықта, бүгінде Абай ауылдық округінде жүзеге асып жатыр. Ендігі кезекте Көкдөнен мен Көгершін тұр. Тізім осылай жалғаса береді. Уайымдамаңыздар! Олардың қатарында өздеріңіздің ауылдарыңыз да бар. Жалпы жері шұрайлы, төрт түліктің басын көбейтуге қолайлы келетін Қайыңды жеріне жоба жуық арада келеді. Біз алғашқы ауылдарға берілген несиелер қайтқан жағдайда 2025 жылға дейін аудандағы барлық елді мекенді қамтуды жоспарлап отырмыз, – деп жауап берді.
Түске қарай дәл осындай жиын Тереңөзекте де жалғасты. Тереңөзектік тұрғындар Ерғазы Жұмабекұлынан басты көше жолы қашан жөнделетінін, қай уақытта ауылға спорт кешені салынатынын сұрады. Сондай-ақ, тұрғындар Шолаққайынды ауылына көгілдір отын қашан келетінін де білгісі келді. Аталмыш сұрақтарға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарып отырған Ерғазы Еспенов егжей-тегжейлі жауап беріп, атқарылатын жұмыстардың бәрі заң жүзінде іске асатынын жеткізді.
Жиында ауыл тұрғыны Асқар Оспанов Тереңөзекке тау суының келуі қиындап кеткенін жеткізді. Бұл олқылық ауыл сыртында жайылатын төрт түлікті суғаруға айтарлықтай кедергі келтіріп жатқанын айтты.
– Ондай мәселе тек Тереңөзекте емес, ауданның бірнеше ауылдарында бар. Қазір өздеріңіз білетіндей, су деңгейі төмендеп кеткен. Оны ғалымдар да растап отыр. Олардың пікірінше, 2050 жылы су жеткіліксіз болуы да ықтимал. Түптің түбінде біз су үнемдеу жүйесіне келетін боламыз. Бұндай бастамалар қазірдің өзінде Тереңөзек аумағында пияз егіп жатқан «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығында көрініс тауып отыр. Дегенмен, біз қол қусырып қарап отырмауымыз керек. Бірігіп, аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясын жүргізгеніміз абзал. Осы істі ұйымдастыруды ауыл әкімі Қанат Сматқа тапсырамын, – деп жоспарлы жұмыстарды түзуді тапсырды.
Жиын соңында Ерғазы Жұмабекұлы ауыл тұрғындарын жеке де қабылдап, мәселелерін тыңдап көрді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: