Дүбірлі спартакиада

208 Views

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Осыған орай жақында мемлекеттік қызметшілер арасында Тараз қаласында облыстық спартакиада өтті. Оған 700-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты. Осы спартакиадаға аудан атынан сынға түсіп, жүлделі болған мемлекеттік қызметшілердің тізімі келесідей. Аудан әкімі аппаратының бас маманы Жеңіс Әлі садақ атудан жүлделі үшінші орын, аудан әкімі аппаратының инспекторы Тоқтар Мамырбай асық атудан жүлделі үшінші орын, аудан әкімдігі қаржы бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Сейсеу бес асықтан жүлделі екінші орын, Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ахметов пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Сержан Сәрсенов тоғызқұмалақтан жүлделі екінші орынды иеленді. Ал құрамында Мұратбек Арыстанбеков, Нұрдос Тұрабаев, Азамат Асанбай, Болат Мансұр секілді Абай, Ақниет, Қайыңды және Құмарық ауылдық округінің әкімдері бастап, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев, Абай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Берік Әмреев, Көгершін ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Бақытжан Қалдыбай, аудан әкімдігі құрылыс бөлімінің бас маманы Сабыржан Сәлімов, Көкдөнен ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Айгүл Тәжібаева, аудан әкімі аппаратының бас маманы Гүлмира Қошанова, аудан әкімі аппаратының бас маманы Ақерке Әсет қостаған команда мүшелері волейболдан жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Жерлестерімізді жарқын жеңістерімен құттықтаймыз.

Кішіпейіл Ертай еді…

Көкдөнен ауылынан өнерге де, спортқа да жақын талай дарындар шыққанын біз жақсы білеміз. Жастайынан спортты серік еткен жастың бірі – Жауын Ертай Ернарұлы еді. Біраз жылдар бұрын Ертайдың бозкілемдегі күресін біз де көрген едік. Дене тұрғысынан қарасаңыз, күші де, бозкілемде күрескен шеберлігіне қарасаңыз, техникасы да шебер болатын. Ол талай жарыстарда атой салып, ауданымыздың абыройын асқақтатты. «Спорт шеберлігіне үміткер» де болды. Сондықтан болар, жаттықтырушылар да Ертайдың болашағынан зор үміт күтті. Бірақ, бәрі біздің қалағанымыздай болмайды екен. Былтыр балуан Ертай қапылыста көз жұмды. Оған көбісі көндіккісі келмесе де, өлімнің бары ақиқат. Ешкім мәңгілік өмір сүрмейді. Сондықтан қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда адамдық қалпымызды сақтаған абзал. Біз Ертайдың ауылдастары мен жақын араласқан достарынан, жаттықтырушылардан «оның қандай адам болғанын» сұрап, білген едік. «Ешкімнің алдын қия баспаған, өтірікке жаны қас, үлкенді – үлкендей, кішіні – кішідей сыйлай білетін нағыз азамат болатын» дейді олар. Адам өмірден кеткен соң артынан жақсы сөздер айтылса, «онда ол қоғамға пайдасын тигізген адам» деген дұрыс болар, сірә!
Жуырда Көкдөнен ауылында 2012-2014 жылы туылған жасөспірімдер арасында еркін күрестен Жауын Ертай Ернарұлын еске алуға арналған жарыс өтті. Бұл жарысты Көкдөнен ауылдық округі әкімдігі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ұйымдастырды. Жарыстың ашылу рәсіміне Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев, ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Кәрбоз Ағыбаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Әбіләшім Мырқасымов және Ертайдың туған-туыс, достары қатысып, сөз сөйледі. Осы арада мына жайтты айта кеткеніміз жөн. Ертай Жауын Көкдөнен ауылындағы спорт мектебінде жаттығып, шеберлігін шыңдаған. Жаттықтырушы Мәди Самратбаевтың қол астында жаттыққан. Ертайдың әкесі Ернар Арынов ауылдастарының ұлына деген құрметін елеп, Ертай жаттыққан спорт мектебі ғимаратының ауласына демеушілік есебінен 1 миллион 300 мың теңгеге жасанды төсеніш төсеп берді. Бұл игі іске ауыл жастары дән риза. Марқұмның аруағына бағышталып Құран оқылды. Ауыл ақсақалдары мен келген қонақтарға, жарысқа қатысушы жасөспірімдерге арнайы дастархан жайылды.
Содан соң жарыс басталды. Жасөспірімдер 10 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады. Көрдік. Жекелей салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болып, оларға мақтау қағазынан бөлек бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал командалық есепте жүлделі бірінші орынды Көкдөнен, жүлделі екінші орынды спорт кешені, жүлделі үшінші орынды Қарақыстақ ауылының жасөспірімдері еншіледі.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: