Қызылша ауруына шалдыққан 12 науқас тіркелді

182 Views

Қызылша жұқпасының адам ағзасына келтіретін зардабы орасан. Қазір мамыр, маусым айларында қызылша аурымен ауданымызда 12 жағдай тіркелді. Басым көпшілігі жаз айларына демалуға басқа қалалардан (Алматы, Астана ) келген тұрғындар ауырып келіп, жақын қарым-қатынаста болған адамдарына жұқтыру есебінен орын алып отыр.
Қызылша – жедел жұқпалы ауру. Негізгі белгілері: қызуы көтеріліп, қызылшаға тән теріде бөртпелер пайда болып, көзі қызарып, тыныс ағзалары зақымданады. Қызылшаны тудырушы – вирус. Ауру тек науқас адамнан сау адамға ауа арқылы жұғады. Аурудың жасырын кезеңінің 2-ші күнінен денедегі бөртпелер 4 күн аралығында қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауадан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса, не қызылша ауруына егілмеген жағдайда өзіне жұқтырады.
Қызылшаның белгілері.
Дене қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл (пятнистая) бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады, мұндай белгіні «Бельский-Филатов-Коплик» бөртпелері деп атайды.
Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі.
Бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр, аяқтарда шығады, ол күні беттегі бөртпелер бозарады. Бөртпелер көлемі 2 мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді, дегенмен әрбір бөртпелер арасында таза тері көрініп тұрады. 3-4 күннен кейін бөртпелер бозарып, орны қоңырланып, жұқа қабыршықтар қалады (ұнның ұрпағындай). Қызылшаға көздің қызарып, қабынуы, ірің шығып, таңертең кірпіктерін ашудың қиындығы, мойын артында, қолтық бездерінің үлкеюі, ұстағанда ауырсынуы тән. Кейде өкпеде сырыл естілуі, кейбір науқастың іші ауырып, аздап өтуі мүмкін.
Қызылшаның қауіптілігі – өкпе қабыну және ми орталық жүйке жүйесінде асқынулардың болуы. Ауру асқынғанда ағзаның орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады.
Емдеу. Жұқпаның жеңіл түрінде науқастар үйде емделеді, ешкімге жұқпауы үшін, жұғу кезеңінде үйден шықпай, төсекте жатады. Көзіне күн жарығы түспейтіндей жағдай керек, тамағын шайқап, көзін тазалап, 2% сульфаций натрий сұйығын көзге 3-4 рет тамызады. Науқасқа мол құнарлы сұйықтар беріледі. Шағымына байланысты жазылғанша дәрігер бақылауы қажет.
Қызылша ауруының алдын алудың тиімді жолы – уақтылы егу жұмыстарын жүргізу. Қызылша, қызамыққа және шошқа мойынға (ҚҚП) қарсы екпе осы аурулардан сақтайды. Балаларға ҚҚП екпесінің 2 мөлшері қажет:
Бірінші рет – 12 айлығында.
Екінші рет – 6 жаста.
ҚҚП вакцинасымен эпидемиялық көрсеткіштер пайда болғанда 30 жасқа дейінгі ересектер бұдан бұрын алған екпелері туралы мәліметтері болмаған жағдайда егілуі тиісті. Сонымен қатар, үйде қызылшамен ауырған науқас болғанда үй тұрғындары басқа адамдармен қарым-қатынасты шектеуі қажет.

Р.Жұманқұлова, аудандық
орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары.

Поделиться ссылкой: