Бала қауіпсіздігі – басты назарда
Өткен аптада Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы Үйсімбаевтың төрағалығымен және аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерғазы Жұмабекұлының қатысуымен М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті» деген тақырыпта ата-аналармен кездесу ұйымдастырылды.
Келелі кездесуді аймақ басшысының орынбасары Еркін Құлымбайұлы ашып беріп, өзі жүргізіп отырды. Модератор өз сөзінде бала қауіпсіздігі басты назарда болу керектігін айтып, соңғы кезеңдерде облыс бойынша орын алған оқыс оқиғаларға кеңінен тоқталды.
– Біз бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді білім беру ұйымдары арқылы түрлі іс-шараларда жан-жақты айтып, талқылап келеміз. Бала тәрбиесіндегі аналар мен әкелердің рөлін көрсететін форумдар облыс аумағында белсенді түрде өтуде. Ендігі мақсатымыз – бала қауіпсіздігіне қоғамның назарын аудару. Жалпы жасөспірімдердің мінез-құлқының оң қалыптасуына отбасының әсері өте мол. Мәселен, 2022 жылы жасөспірімдер арасында 13 оқыс оқиға (суицид) орын алған болатын. Әр оқиға бойынша жұмысшы топ құрылып, сараптама жұмыстары жүргізілді. Ал биылғы 2023 жылдың 5 айында 5 оқиға тіркеліп үлгерді. Бұл – өзекті өртейтін ауыр жағдай. Осы мәселелердің анық-қанығын жан-жақты түсіндіру үшін сіздерге келіп отырмыз, – деп спикерлерге сөз берді.
Жиында психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Ералықызы Вероцкая, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев, облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ингизам Мамедов «Кәмелетке толмағандар арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу», «Жасөспірімдер арасында көңіл-күйдің қобалжу түрлері» атты тақырыпта оябы бөлек баяндама жасаса, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов «Отбасы құндылықтарының бала тәрбиесіне әсері» атты тақырыпта сөз өрбітті. Ал жиын соңында республикалық «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалының психологы Марал Хантөреқызы ата-аналармен психологиялық тренинг жүргізсе, аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов дәл осындай келелі кездесулер әрбір ауылдық округте ұйымдастырылуы керектігін айтып, іс-шараны қорытындылады.
Жәнібек СҰЛТАН.