Іскер әкім әрқашан халық қолдауына ие

194 Views

Ақыртөбе ауылдық округі аудан орталығынан шалғай жатқан аймақ. Нақтысын айтқанда, 50 шақырымдық жол бар арада. Ақыртөбеге сан мәрте барып жүрміз ғой. Осы жолы көліктің жағдайы болмай, бара алмадық. Дегенмен, қазір ақпараттық технологиялардың дамыған заманы. Әлеуметтік желінің түрлі платформалары бар дегендей. Сөйттім де, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Мөлдір Тастанбекке хабарластым. Негізінен өзім де іштей «мына адамды жазуға болады-ау» деп жоспарлаған едім. Мәкеңе ойымды жеткіздім. Ол құптады. Мен оған:
– Арнайы бет әзірлегендіктен, жекелеген адамдар жыл сайын жазылып жүр. Биыл да бірді-екілі кейіпкерді жазайық. Қатып қалған қағида жоқ қой. Барлығы бірсыдырғы болғанша, биыл бір ауылдық округ аппаратының жұмысы төңірегінде газет бетіне айшықты етіп мақала дайындасақ. Соның ішінде Ахметов Бауыржан Нұржанұлы әкім болып отырған Ақыртөбе ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері туралы материал жазғым келетінін, – айттым. Ол бас бармағымен «Во!» дегендей ишара білдірді.
Содан Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұржанұлының ұялы телефон нөмірін алып, «Уатсап» желісі арқылы сөйлестік.
Мына заманда мұхиттың арғы жағындағы Америкада тұратын туысыңыз болса, онымен, ит арқасы қияндағы Италияда тұратын ет-жақыныңыз болса, сонымен де «Уатсап» желісінде аудио және видео қоңырау арқылы сөйлесуге толық мүмкіндік бар. Жұрттар сөйтіп жатқанда, біздікі не тәйірі!
Қойшы, содан не керек, Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Ахметов Бауыржан Нұржанұлымен «Уатсап» желісі арқылы сөйлестік. Өте білікті азамат. Кез келген сұрақ қойсаңыз тосырқамайды. Астамсып та сөйлемейді. Қысқасы, жазар мақаламызға керекті детальдың бәрін Бауыржан Нұржанұлының өзінен біле алдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызметте білімділік пен ашықтық, әсіресе, халықпен кері-байланыс орната білу аса маңызды алғышарттардың бірі екенін» айтқан болатын. Түркістандағы ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінің мазмұнынан да соны байқадық.
Бауыржан Нұржанұлымен арадағы диалог сол ұлттық құрылтай төңірегіндегі тақырыптармен басталды. Мен жазбаша түрде сұрақ қоямын, ол мүдірмейді. Алыстан да орағытпайды. Қойылған сұраққа дәлме-дәл жауап береді. Қалай риза болмайсың енді. Өйткені, өз жұмысын жақсы біледі. Тәжірибесі де жеткілікті.
Бауыржан Нұржанұлы жоғары оқу орнын бітірген соң, алғашқы еңбек жолын 2009 жылы Ақыртөбе орта мектебінен мүліктік бухгалтер болып бастаған. 2010-2014 жылдары аудандық «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жұмыс істеген. Мемлекеттік қызметке 2014 жылы келген. Атап айтсақ, 2014-2019 жылдары Тереңөзек ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман, 2019-2021 жылдары Ақыртөбе ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман болып жұмыс істеді.
2021 жылдың 21 шілдесінен бастап, Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі лауазымын абыроймен атқарып келеді. Оны осы қызметке ауыл халқы сайлады. Әлгінде айтқанымыздай, Бауыржан Нұржанұлы қазіргі күні ауыл халқымен кері-байланыс орнатып, ашық әрі сапалы қызмет атқарып жүр.
Қазіргі таңда Ақыртөбе ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы салынып, аяқталуға жақын. Сондай-ақ, биыл Ақыртөбе ауылында жаңа 140 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталады. Оның бәрі оңай шаруа емес. Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу керек дегендей. Осындай ілкімді бастамалардың басы-қасында Бауыржан Нұржанұлы жүр. Әкімдік қызметкерлері, яғни, бас мамандар Нұрлан Бейсов, Мансұр Рысбаев, Ернұр Тұрсынов, Айнұр Мақұлбекова, жетекші мамандар Балзия Шұлғаубаева мен Алдияр Азтан ауыл әкімімен бірлесіп, халыққа қатқысыз қызмет етіп келеді.

Суретте: Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ахметов әкімдік қызметкерлерімен жиналыс жүргізіп отыр.

Поделиться ссылкой: