Адалдықтан айнымаған азамат

204 Views

Атаулы мерекеге орай «Құлан таңы» газеті жыл сайын сала мамандарымен тілдесіп, арнайы бет әзірлеуді дағдыға айналдырған. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып отыр. Редакциялық лездемеде газет тілшісі Марат Диханбайға мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне орай бет әзірлеу жүктелді. Тілшіміз өзіне жүктелген тапсырманы дер кезінде орындап, материалдарын «тастай ғып» дайындады. Ендеше, сөзді көп созбақтамайық. Көздеріңіз көлдей мақаланың макетінде, зейіндеріңіз кестелі сөздің нәрінде болсын, алдияр оқырман!

Сөзбасы: Өткен аптада киелі Түркістан шаһарында ұлттық құрылтай өтті. Оған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Оны теледидардан мұқым қазақ естіді. Ол тек теледидардан ғана көрсетілген жоқ, газет біткеннің көбісінде де жарияланды. Ол қатарда аудандық газет те бар. Бұл жерде біздің айтпағымыз не дейсіз ғой? «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп тақырып қойылған Президенттің ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін теледидардан көрмегендер, газеттен оқыды. Сол қатарда өзіміз де бармыз.
Әрине, Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы түйдек-түйдек көкейге қонымды көптеген сөздер айтты. Дегенмен Президенттің «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына, адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай: «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді. Ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деген сөзі бүгінгі біз жазған мақала кейіпкерінің ұстанымы мен фактурасына тұздық болары сөзсіз.
Журналистік пікір: Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің бас инспекторы Әлі Жеңіс Бекқұлыұлын газетке қызметке келгелі бері танимын десем болады. Бұл бір көлгірсу емес, шын сөзім деп қабылдағандарыңыз дұрыс. Жеңіс Бекқұлыұлын алғаш көргенде артық ауыз әңгімесі жоқ, ешкіммен соқтығыспайтын, өтірік айтпайтын, кез келген жерде әділдікті ту етіп ұстайтын, атақ, мадақ дегендерден ада, кім көрінгенге елпілдеп, сыр ақтара бермейтін, сөзі нық, ісі мығым, сөздің қадірін ұғатын, өз жұмысына тиянақты азамат деп ойлағанмын. Қателеспеген екенмін. Қазекем «Жақсымен өткен жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» деуші еді ғой. Екеуіміз біраз әңгімелестік. Журналистерде сұрақ таусылсын ба? Мен сұрақ қоямын, ол бәріне іркілмей жауап беріп отырды.
Болмыс-бітім: Әлгінде алғаш көргенімде оның адами болмысынан байқаған қасиеттерді жаздым ғой. Сол ойлаған сана көгіндегі түпкі ой дәлдікке ұласқанына іштей тәнті болдым. Қайталап жазуға тура келіп тұр. Яғни, расыменде «артық ауыз әңгімесі жоқ, ешкіммен соқтығыспайтын, өтірік айтпайтын, кез келген жерде әділдікті ту етіп ұстайтын, атақ, мадақ дегендерден ада, кім көрінгенге елпілдеп, сыр ақтара бермейтін, сөзі нық, ісі мығым, сөздің қадірін ұғатын, өз жұмысына тиянақты азамат» екен. Әңгімелесіп отырып, мен оның бойынан тағы да көптеген қасиеттерді байқадым. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, күңкіл-сүңкілді жаны қаламайтын, жасы кішілерге білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісетін, ең бастысы, адалдықтан айнымаған абыройлы адам екенін аңғардым.
Шыңдалу процесі: Тәжірибе дегеннен шығады, Жеңіс Бекқұлыұлы 2007 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс жасап келеді. Яғни, 16 жылдық еңбек тәжірибесі бар. 16 жыл бір бөлімде істемеген әрине. Айталық, ол ең алғаш аудан әкімдігінің құрылыс бөлімінде бас маман болып жұмыс істеді. Онда 2 жыл 5 ай істеп, аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінде қызметін жалғастырған. Осы бөлімде 7 жыл еңбек еткен екен. Қарап отырсаң, бұл бөлімдерде жұмыс жасау көптің қолынан келе бермейтіндей көрінеді маған. Көрдіңізбе, Жеңіс Бекқұлыұлының қолынан келді. Одан кейін 1 жылдай аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыспен қамту сектор меңгерушісі болып еңбек етсе, 5 жыл аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмысы бөлімшесінің бас инспекторы болды. Осы жылдың ақпан айынан бастап, оған қазіргі, яғни аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің бас инспекторы қызметі жүктелді. Кейіпкеріміз бұл қызметті де абыроймен атқарып келеді.
Пікір: Жеңіс Әлінің бөстекі сөз, атақ, марапат дегендерден бойын аулақ ұстайтынын жаздық біз. Расыменде солай екен. Ол 2010 жылы ауданның «Ең үздік мемлекеттік қызметшісі» байқауында 2 орын иеленген. 2018 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, 2021 жылы облыс әкімінің Алғыс Хатымен марапатталған. Болды. Басқа мадақтама қазғаздары жоқ. Кейіпкеріміз оны да айтқысы келген жоқ. Мақалаға тұздық болсын деп, өзіміз суыртпақтап, қоярда-қоймай жазып алдық. Жазар мақаламызға да деталь керек қой. Сол мақсатта сұрадық. Мен осы арада екеуіміздің қызметтік принциптеріміздің де ұқсас екенін сезіндім.
Түйін: Біз одан мемлекеттік қызметте ескерілуі тиіс 3 қасиетті сұрағанымызда:
– Біріншісі – адалдық, екіншісі – ашықтық, үшіншісі – жауапкершілік, – деп жауап қайырды ол.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: