Білікті әрі білімді Балайым

252 Views

Аудан әкімі аппаратының құжаттама және бақылау бөлімінің бас инспекторы Байгонысова Балайым Нілдебайқызын сырттай танитынмын. Жұмысқа тиянақты екенін іштей бағамдайтынмын. Мерекеге орай өзі туралы мақала жазғым келетінін айтып, жұмыс бөлмесіне бардым. Жайдары көңіл-күймен қарсы алды. Тілдестік. Пікірлестік. Маған кейіпкеріміздің ішкі мәдениеттілігі қатты ұнады.
Балайым Нілдебайқызының мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 11 жыл. Ол алғашында аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінде келісімшартпен жұмыс жасаған. Онда 2 жыл, 2 ай істеп, кейіннен аудан әкімі аппаратының кіріс-шығыс құжаттарын есепке алу бойынша архив маманы болып еңбек еткен. 3 жылдай бұл қызметті абыроймен атқарған. Мінеки, 5 жылдан асыпты, кейіпкеріміз қазіргі, яғни аудан әкімі аппаратының құжаттама және бақылау бөлімінің бас инспекторы болып еңбек етіп келеді.
Ол атқаратын функционалдық қызмет өте көп. Соның бірді-екілісін жазайық. Айталық, ол азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдап, оның мерзімінде орындалуына бақылау жасайды. Аудан әкіміне, оның орынбасарларына жеке мәселемен келген азаматтарға бекітілген кестеге сай қабылдау ұйымдастырады. Көтерілген мәселелерге қарай азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Мінеки, бұл біз атағандары ғана. Одан бөлек қаншама функционалдық міндет бар. Ол соның қай-қайсысынан болсын, жалтақтаған емес. Өйткені, кез келген мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – халыққа сапалы қызмет көрсету. Ол оны жақсы түсінеді. Және ұқыптылық пен жауапкершілікті алдыңғы сатыға қойып, сол үдемен жұмыс жасап жүр.
Былтыр, яғни, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол «Елеулі еңбегі үшін» деген номинацияның иегері атаныпты. Аудан әкімінің, облыс әкімінің де Алғыс хаттарымен марапатталған.
Біз кейіпкерімізден хоббиін сұрадық. Ол «Адам әрдайым ізденіс үстінде жүру керек. Болдым, толдым» демеу керек. Оқу керек, еңбек ету керек,–деп жауап қайырды. Жұмыстан тыс уақытта табиғат аясына шығып, серуендегенді жаны қалайтынын айтты. Балайым Нілдебайқызы секілді білікті кадрлар мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргенде, аудандық атқарушы билікке біз қалайша сенімсіздікпен қараймыз. Көзіміз көріп тұр. Осылайша, кейіпкеріміздің әрбір сөйлеген сөзіне тәнті болып қайтқан жағдайымыз бар.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: