Мазасыз мамандықтың майталмандары
23 маусым –Қазақстан полициясы Күні
Мазасыз мамандықтың майталмандары
23 маусым – Қазақстан полициясы қызметкерлерінің төл мерекесі. 1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдаған болатын. Бұл – Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт еді. Ал 2007 жылы 5 маусым күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып бекітілді. Содан бері аталмыш мереке жыл сайын кең көлемде аталып келеді.
Біздің басылым ұжымы мазасыз мамандықтың майталмандарын дәріптеу әрі тұрғындарға таныту мақсатында жыл сайын көлемді мақалалар беріп отырады. Биыл да сол қалыптасқан үрдістен айнымай, сала мамандарын төл мерекелерімен құттықтау мақсатында Шалқар Дәулетқұлов жетекшілік ететін аудандық полиция бөліміне арнайы бардық. Әр бөлімнің білікті мамандарымен тілдесіп, сұхбат құрдық.
Полиция – тыныштық пен тұрақтылықтың қорғаны. Сондықтан да, жергілікті жерде ел тыныштығын сақтау біздің басты міндетіміз болып табылады. Осыған орай қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде тоқсаннан астам құқық қорғау қызметкерлері күн демей, түн демей еселі еңбек етуде. Полиция қызметкерлері тек тәртіп сақшылары ғана емес. Олар әрбір азаматтың құқықтары мен мүдделерін қорғау қызметін атқаратын жандардың қатарына жатады.
Адамдар өздерін қауіпсіздікте сезінуі үшін полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қорғаумен қатар, қылмыстың алдын алумен де айналысады. Жалпы әрбір қазақстандық полицейді өзінің қорғаушысы, кез келген қиын сәтте көмекке келе алатын, қажет болса алғашқы медициналық жәрдем көрсете білетін адам деп білуі керек. Бұл – біздің борышымыз әрі ортақ міндетіміз.
Әрине, жауапты да қауіпті қызметтің басы-қасында болып, мойымай қызмет ету – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан да, мен осы сәтті пайдалана отырып, әріптестерімді келіп жеткен төл мерекемен құттықтағым келеді.
«Құрметті құқық қорғау қызметінің ардагерлері және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері!
Бұл күн полиция ардагерлеріне және бүгінде аталмыш салада еңбек етіп жүрген жандарға ризашылық пен алғыс білдіретін күн. Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады. Мен баршаңызды келіп жеткен мерекелеріңізбен құттықтай отыра, отбасыларыңызға тыныштық, береке-бірлік тілеймін. Қызметте абыройларыңыз артып, ел мүддесі үшін қызмет ете берулеріңізге шын жүректен тілектеспін.»