Ел болашағын айқындады

240 Views

Қазақ халқының тарихына терең үңілетін болсақ, сонау ерте заманнан бері ата-бабаларымыз ұлт тағдыры сынға түскен кездерде келелі кеңес құрып, ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Халқымыздың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан қаласында үстіміздегі жылдың 16-17 маусым күндері өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты тақырыпта екінші отырысы өтіп, еліміздің болашағын айқындады. Бұл басқосу – еліміздің тарихындағы өте маңызды оқиғаның бірі деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек» деп келешек ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп отыр. Сондықтан жастарымызды отаншылдыққа, елін, жерін қадірлеп сүйетін азамат болып қалыптасуы жолында отбасы, оқу орындары мен жұмыс орындары мен қоғамдық ортада үздіксіз тәрбие беріп, ұлтымыздың салт дәстүрлерін бойына сіңіру бағытында нақты жұмыстар жүргізу басты міндетіміз болып қала береді. Менің айтайын дегенім: Президентіміз «Әділетті Қазақстанды құру министрліктер мен әкімдіктердің ғана жұмысы емес оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек» дегенін толық қолдауымыз керек. Мемлекетіміздің басшысы айтқандай халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан еліміз бұрын – соңды болмаған бірлікте, біртұтастықта болуы керек дегені барша қазақстандықтарға зор жауапкершілік жүктейтінін әрқайсымыз сезінуіміз қажет деп ойлаймын. Ұлттық құрылтайда айтылғандай адал азамат – ел тірегі болатынын ескерсек, әсіресе жастарымызды Отансүйгіш, адал азамат болуға тәрбиелеуге өз үлесімізді қосамыз.
Алқалы жиында, мемлекеттік орден-медальдарға көрнекті, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін беру туралы айтылған мәселе де ел құптарлық іс. Өйткені жастарымыз еліміздің дамуына, тарихы мен әдебиетінің, өнері мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды танып-біліп өскені дұрыс екендігі баршамызға белгілі. Мұндай қадамдар әр азаматтың бойында отаншылдық рухты асқақтатары сөзсіз. Осы орайда Қ.К.Тоқаев өз сөзінде жастарымыздың болашағына нық сеніммен қарайтынын, қазіргі жастарымыздың ғылым-білім, музыка, кино, спорт тағы басқа салаларда әлемге танымал бола бастағанын, олардың тарихи тағылымын, елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатқандығына зор сеніммен қарайтынын атап көрсетті. Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін атқарылатын жұмыстардың нақты сегіз бағытын айқындап берді. Ендігі міндет- осы айқындалған бағыттарды жүзеге асыруға атсалысу – әрқайсымыздың парызымыз екенін ұмытпайық, ардақты ағайын.

Серік Өтегенов, аудандық билер
кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: