Қасабековтың қызық қасиеттері
28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері Күні
Аудан шаңырақ көтерген соң 2 жылдан кейін, 1940 жылдың мамыр айында алғашқы саны жарық көрген аудандық «Коммунистік еңбек» («Коммунистический труд») газеті содан бері аудан тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып, шын мәнінде оқырмандардың жан серігіне, өңірдің өшпес шежіресіне айналып отыр. Басылым алғашында қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрды. Газеттін ең алғашқы редакторы Әбсаттар Мәдіғұлов болды. Одан соң басылымды Сағат Арынов пен Оспанбек Хатиев, Өсер Уәзиев пен Тұрсынхан Жаманбаев ұзақ жылдар басқарды. Бұдан бөлек басылымға әр жылдары Дүйсен Мамбеталин, Анатолий Деридович, Москау Нохрабеков, Мүратбек Арыстанбеков, Серікбай Өтегенов және Мұрат Өмірзақовтар жетекшілік етті. Қазір басылым тізгінін Нұрлан Бықыбаев ұстап отыр. Газет тарихында журналистер Әбдіжақып Туғанбаевтың, Есенкелді Төреқұловтың, Рахмаш Сулеймановтың, Сейсен Қожекенің, Қыдыралы Қойтаевтың, Әлібек Бақытовтың, Константин Михайлович Арбузовтың, Владимр Казакеевтың, фототілшілер Ботпай Шатаевтың, Марат Қасабековтың, баспагерлер Қали Қалжыровтың, Өскен Керімбековтың, Рафхат Бекмамбетовтың алатын орны ерекше. Баспахананың алғашқы директоры Нұртас Адамсопиев боды. Газет 1991 жылдан «Құлан таңы» болып аталады.
Газет өмірінің қызықты сәттері, журналистер мен фото тілшілердің күлкілі оқиғаларға толы қызметі жайлы ардагер журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тұрсынхан Жаманбаевтың айтатыны аз болмаса керек. Аудандық газетте 40 жылдан астам еңбек етіп, басылымды ұзақ жылдар бойы басқарған қаламгердің төмендегі естеліктерін жариялауды жөн көрдік.
Болмысы бөлек Ботбай 1938 жылы 4 наурызда құрылған Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданы бірде шығысындағы сол кездегі Свердлов ауданына, бірде батысындағы Меркі ауданына қосылып-бөліне жүріп, 1965 жылы біржола отау тігіп, бөлек шаңырақ көтерді. Осыған орай, аудандық «Коммунистік еңбек», «Коммунистичесқий труд» (қазіргі «Құлан таңы») газеттері ашылды. Газет екі тілде жарық көрді. Редакторы біреу. Орынбасары екеу. Алғашқы редакторы Оспанбек Хатиев ағамыз болды. Орыс тіліндегі газетке жетекшілік ететін орынбасары Константин Михайлович Арбузов деген әскери қарт журналист еді. «Шал» деп қоятынбыз. Алғашқы фототілші болып аласа бойлы, тығыншықтай домаланған орталау жастағы Ботбай Шатаев деген азамат еді. Ботокең болмысы бөлек жан болатын. Ешкімнің ойына келмейтін күлкілі қылықтарымен талантты журналист, марқұм Мұрат Ахалиевтің әзілге толы сын-әжуәлі өлеңдерінің кейіпкеріне жиі ұшырайтын. Бірде редактор Ботекеңді озат сауыншыны, айтулы екі шопанды және даңқты диқаншы-механизаторды суретке түсіріп, газеттің келесі санына беруді тапсырды. Болмысы болек Ботбай әртүрлі сылтау айтып, ол суреттерді түсірмей келеді. Ал, түсірген суреттері әдеттегідей текстовкасыз жатады. Осы жайды Мұрат ақын былай суреттеген еді.
Ботбай деген жігіт бар,
Редакцияда істейді.
Қара портфель қолынан,
Ылғи оның түспейді.
Клищені салып ап,
Жамбыл жаққа барады.
Алып келген суреттер,
Текстовкасыз қалады.
Мұны көріп Шал байқұс,
Қойып қалады таз басын.
Теріс тартып темекіні,
Күйдіріп алады ауыз басын.
Неге бұлай болды деп,
Где он сам гуляет деп.
Әлқисса, осы кезде сумкасы
жер сызған Ботекең есіктен кіреді.
Мұны көрген редактор Осекең дүрсе қоя береді.
Өспейтін, өнбейтін оңбағансың,
До сих пор балалықты қоймағансың.
Райкомның тапсырмасын орындамай,
Түбі сен өз қамыңды ойлағансың.
Әлқисса, Ботекең бастығының алдында ақтала бастайды.
Ағатай барып келдім «Алғабасқа»,
Шопырыңыз кетіп қапты басқа жаққа.
Передовой сауыншы Алмагүлің,
Түсіп қапты ойда жоқта роддомға.
Нәдір менен Сүйінтбек екі мықты,
Бұл күні жұрттан дара озып шықты.
Кеше екеуі күнімен көкпар тартып,
Жатыр екен сындырып екі бұтты.
Александр Кудашовыц батыр екен,
Қарыны он қазанға татыр екен.
Кешке дейін ішіп ап сасық пиво,
Талқандап тракторын жатыр екен.
Ботокеңнің айтқан сылтауларын өлеңмен өрнектеген Мұрат ақынның
табан астындағы суырып салмалығына, шынайы әжуалы өлеңіне бәріміз
қыран-топан күлген едік.
Газет қалай жабылмай қалды?
Газет 90-шы жылдары ескі тәсілмен шығатын. Компьютер әлі қолданысқа ене қоймаған кез. Барлық материалдар қорғасынмен құйма жол арқылы линотип станогында терілетін. Жол-жол қорғасынға құйылған материалдар беттеу цехында алдын-ала жасалған макетке қарай отырып, қолмен беттелетін. Кейін кезекші оқып, қатесін түзеткенде, қате жол линотипте қайтадан терілетін. Бұл – тауқыметі көп өте қиын жұмыс еді.
–Бәрі бітті, – деді бірде кабинетіме түтігіп кірген орынбасарым Досан Құлбеков.
– Не болды?
–Полоса/ газет беттері/ шашылып қалды. Басу станогының болты үзіліп кетіпті.
Екеуміз төменгі баспа цехына түстік. Баспагерлер шашылып жатқан беттердің жанында ошарылып тұр.
–Қалайда ертең оқырмандар газетті алуы керек, – дедім мен оларға.
–Алда түн бар ғой, – деді Досан жайбарақат.
Орынды әзілге бәріміздің жанымыз жадырап, шашылып жатқан газет жолдарын біртіндеп жинауға кірістік. Жарамсыз болып қалғандарын линотипте қорғасыннан қайта құйдық. Баспа станогының ахауын жөндеп, таң атқанда газетті поштаға жөнелттік.
Бұл кез нарық қыспағының шарықтау шегіне жеткен шағы болатын. Журналистер мен баспагерлер мұғалімдер мен дәрігерлер секілді бірнеше айлап жалақы алмай жүрген. Осындай қысылтаяң кезеңде ешқандай қиналыс танытпай әзіл-қалжыңын араластыра отырып, түнімен қиналмай жұмыс істеген әріптестеріме тәнті боламын. Олар шын мәнінде өз істеріне жан-тәнімен берілген, жауапкершілікті сезінетін нағыз парасат иелері еді. Сондағы линотип терімшісі Перизат Кабираева, баспагер Өскен Керімбеков, газет беттеуші Рафхат Бекманбетов, орынбасарым Досан Құлбеков, жауапты хатшы Рая Сакаева барлығы да өз ісінің нағыз шеберлері болатын.
Иә, барлық жердегідей нарық қыспағы баспасөзді де айналып өткен жоқ. Көптеген аймақтарда аудандық газеттердің жабылып қалғандары да болды. Мұндай қауіп бізге де төніп келе жатқан. Электр қуатына деген қарызымыз көбейіп кеткен. Жалақы барлық жердегідей уақтылы берілмейді. Жалпы елімізге тән ауыртпалық бізде де болды. Бірақ қалайда аудандық газеттің жабылуына жол бермеу керек. Өйткені, газетсіз аудан – аудан емес қой.
Өзімді мазалаған ойларым мен ұстанымдарымды сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Дүйсеналы Дыбысалыұлы Бықыбаевқа жеткіздім. Газет проблемаларын ол да жақсы білетін. Ойланып жүреді екен.
– Баспахананы редакцияға қосып алсаңшы, – деді ол.
Біз екеуміз ұзақ отырып, көп әңгімелестік. Газетті аман алып қалудың жолдарын қарастырдық. Сөйтіп, ойласа келе, басылымды аптасына екі рет аралас тілде шығару және баспахананы редакцияның еншілес кәсіпорны етіп, қайта құру жөніндегі тұжырымға келдік.
Экономикалық есебімізді жан-жақты жасап, ойымызды сол кездегі аудан әкімі Үсіпәлі Арынұлы Халиевке білдірдік. Ол біздің пікірімізді қолдап, шешім шығарды.
Сонан соң тез арада кәсіпорынды сауықтыру шараларын жасап, газетті аралас тілде аптасына екі рет шығара бастадық. Басылымның бүгінгі нұсқасы осылай дүниеге келген еді.
Баспахана еншілес кәсіпорын болып құрылды. Осының нәтижесінде жағдайымыз тез жақсара бастады. Баспахана шығындары күрт азайды. Қаражат үнемделіп, журналистер мен баспагерлер жалақыларын уақтылы алатын болды. Газеттің жабылып қалу қаупі мүлде жойылды. Кейіннен елшілес кәсіпорын баспахананы редакцияның басу цехы етіп, қайта құрдық. Біздің бұл тәжірибеміз барлық аудандарға таратылды. Сөйтіп, жабылу алдында тұрған бірқатар газеттер біздің нұсқамызға көшіп, басылымдарын жабылудан аман сақтап қалды.
«Құлан таңы» газетінің тілшісі Жәнібек Сұлтанға:
Ұнатпайды өтірікті, жаланы,
Көксейтіні шындық пенен әділдік.
Ұнатады құрметтеуді ағаны,
Болса дейді, сыйластық пен адалдық.
«Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Диханбайға
Нұршайықовты әкесіндей,
Мұртазаны көкесіндей,
Көретін бұл Марат,
Қажетке тұр жарап.
Қаламы ұшталып,
Бойына күш дарып,
Керек болса күн сайын,
Газет шығаруға дайын.
«Құлан таңы» газетінің оператор-дизайнері Перизат Жиенбайқызына
Кейде газет беттейді,
Кейде қате түзейді.
Сылтау айтып ақталсаң,
Жазуыңды мінейді.
Қасабековтың қызық қасиеттері
1970 жылдардың аяғына қарай болмысы бөлек Ботбай сауда саласына жұмысқа ауысып кетті де, оның орнына жас жігіт, сол кезде екінің бірінде бола бермейтін жекеменшік «Москвич-412» автокөлігі бар Марат Қасабеков келді. Ол ісіне мығым болатын. Өз мамандығын шынайы сүйетін. Бірақ аңғалдау еді.
1982 жылдың көктемі. Қой қоздап, қорада шу болып жатқан кез. Осекеңнен кейінгі редакторымыз Өсер Уәзиев Марат екеумізді «Алғабас» қой савхозының Жарлысу бөлімшесіндегі озат шопан Ордан Рәсіловты суретке түсіріп, очерк жазып келуді тапсырды. Редакцияиың «Уазик» автокөлігімен шопан көктеуіне де келіп жеттік. Амандық-саулықтан соң журналистік бұйымтайымызды айтып, Орекеңнен сақал-мұртын алып, орден-медалдарын тағып шығуын өтіндік. Сүт пісірімдей уақыттан соң аға шопан да шықты үйден. Күстюмнің екі өңірі толған орден-медаль. Шопанның мол бейнетінің куәсі іспеттес. Марат болса еңбек озатын алдынан, қырынан қойып сартылдатып суретке түсіріп жатыр. Мен байқап қалдым. Наградалардың ішінде Алтын Жұлдыз жарқырайды. Бажайлап қарасам Батыр Анаға («Мать Героинаға») берілетін ерекше белгі.
– Оу, ағатай, мынау Алтын Жұлдыз үйдегі жеңешемдікі ғой. Алып тастаңыз, ұят болады, – дедім мен.
Әй, тілші бала, – деді Орекең күлімсіреп, – Әр саулықтан 130-дан төл алсам ол Орданның еңбегі ме?
– Иә, – дедім мен.
– Әр қойдан 4 килограмнан жүн қырықсам ол да Орданның еңбегі ғой Маған бажырая қарады. Мен басымды изедім.
– Сонда бір әйелге 12 бала тапқызған Орданның еңбегі емес пе? Бәріміз күлкіге баттық. Ал Марат болса баяғы аңғалдығымен «Газетке бере берейік» деп қарап отыр.
Әзілқой шопан бізді сынамақ болған екен. Күлді де Алтын Жұлдызды алып тастап, жаңа туған екі қозыны қолтықтап суретке қайтадан түсті. Біз қонақжай шопанның шын пейілімен жайған мол дастарханынан дәм татып, аудан орталығына оралдық.
Мерекелік бетті дайындаған ардагер журналист Тұрсынхан Жаманбаев.