Мерекелік қуаныш
Астана күніне орай аудан орталығында мерекелік концерт өтті. Бұл мерекенің осылай ауқымды масштабта өткізілуі заңдылық. Өйткені, биыл Елордамызға – 25 жыл толып отыр.
Аудан орталығында өткен мерекелік іс-шараның тақырыбы «Жайнай бер, менің Астанам!» деп аталды. Бұл іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жиылған көпшілікке арнап ән салды. «Әдемі-ау»-дың арулары би биледі. Мерекелік шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов те қатысты.
Содан соң аудан орталығынан қайта жөндеу көріп, қалпына келтірілген субұрқақ іске қосылды. Оған балалар мәз-мейрам болды. Жиылған көпшілік аудан әкіміне алғыстарын жаудырып жатты. Бұдан бөлек тозығы жетіп тұрған «Дендро» саябағына да көгеріштендіру жұмыстары жүргізіліп, жарық шамдар орнатылып, кешқұрым көпшілік серуендейтін саябаққа айналды. Мінеки, Астана күнінде киелі Құлан жерінде осындай қуанышты жаңалықтар орын алды.
«Құлан таңы» ақпарат.