80 пәтердің 55-сі берілді

162 Views

Өздеріңіз білетіндей, наурыз айында ауданымызда үлкен қуаныш орын алған еді. Ауданымыздың тарихында алғаш рет көпқабатты тұрғын үй пайдалануға салтанатты түрде берілген болатын. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйге қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр және алдағы жоспарлар қандай? Осы сауалдарды аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Өмірқұловқа қойған едік. Жауап келесідей.

– Жасұлан Бейшенқұлұлы, жалпы аудан бойынша тұрғын үй кезегінде қанша адам тұр? Пайдалануға берілген уақыттан бері 3 айдың ішінде қанша тұрғын қоныстанды?
– Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 1686 адам тұр. Осы тұрғын үй кезегіне сәйкес, қазір 80 пәтердің 55 пәтері беріліп, тұрғындар тұруда. Тұрғын үй кезегіндегі 30 адам кезектен шығарылған болатын. Олардың бір бөлігі өз өтініштерінен бас тартса, кейбір адамдардың атында тұрғын үй бары анықталды, сондай-ақ, тұрғын үй кезегіне бастапқы тұрған санаттан шыққандығы анықталды. Сәйкесінше, бұл кісілер «Арай» тұрғын үй алқабындағы көпқабатты үйлерден пәтер ала алмайды.
– Ол кісілерді тұрғын үй кезегінен шығару туралы шешімді кім қабылдайды?
– Аудан әкімдігінің жанынан 2022 жылдың 7 желтоқсанында тұрғын үй комиссиясы құрылған болатын. Құрылған комиссия құжаттарды тексеріп, шешім қабылдайды.
– Қандай құжаттар өткізу қажет?
– Жеке басын куәландыратын құжат, отбасы құрамы, санатқа сәйкестігі туралы анықтама және республика аумағында атында мүлігі жоқтығы туралы анықтамалар қажет.
– Тұрғын үй комиссиясының құрамында кімдер бар?
– Тұрғын үй комиссиясының құрамында аудан әкімінің салалық орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, заңгерлер, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім басшылары және тәуелсіз байқаушылар бар. Осы комиссия әділ шешім шығару үшін құрамына тәуелсіз байқаушылар ретінде «Аналар» кеңесінің, «Іскер әйелдер қауымдастығының» жетекшілері мен мүшелері, журналистер шақырылған. Олар комиссияның әр отырысына тұрақты түрде қатысып келеді.
– Ал қалған 25 пәтер қашан пайдалануға беріледі? Осы уақытқа дейін не себепті берілмеген?
– Қалған 25 пәтерде кезектілікке сәйкес берілетін болады. Алайда, осы кезектегі азаматтар бөлімге келіп құжаттарын ұсынбауда, я болмаса телефон нөмірлерін, тұрғылықты мекенжайларын ауыстыруларына байланысты кейбір азаматтарды анықтау қиынға соғуда. Осы орайда, біз ауыл әкімдерімен бірлесе отырып жұмыс жүргізудеміз. Осы сұхбатты пайдалана отырып, кезекте тұрған азаматтарға біздің бөлімге қайырылып, өз кезектерін анықтауды, қажет болған жағдайда құжаттарын жинақтап өткізуді сұранамыз. Себебі аталған пәтерлер тек кезектілікпен берілетін болғандықтан, кезекте тұрған азаматтарға пәтер беріліп я кезектіліктен алып тасталынбайынша, келесі кезектегі азаматтар қарастырылмайды. Ал ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында «Арай» тұрғын үй алқабындағы көпқабатты тұрғын үйдің екінші нүктесін ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Сол себептен қазірден бастап комиссия құжаттарды қабылдап, қарастыра беруі маңызды.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Жұмыстарыңызға сәттілік!
Дайындаған Мөлдір Тастанбек.

Поделиться ссылкой: