Жерлесіміз «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» атанды

235 Views

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған басымдықтарды қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйым­дастыруымен өтетін «ҚР Құрметті аза­маты» атты республикалық байқауында жерлесіміз Егембердиева Шахизада Жаңылбекқызы оқ бойы оза шығып, өз саласының үздігі атанып, «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен және І дәрежелі дипломмен марапат­талды.
Бұл байқаудың басты мақсаты – елдің өркендеу жо­лында жұмыла жұмыс істеген ардақты азаматтарға құрмет көрсету болып табылады. Онда білім саласынан бөлек, ауыл шаруашылық, бизнес, денсаулық саласы секілді әр салада қызмет істеп жүрген үміткерлер мен сала ардагерлері де бар.
Шахизада Егембердиева еңбек жолын 1975 жылы Қа­зақстан Республикасының Қаржы Министр­лігінде іс жүргізушісі қызметінен бастаған. 1979-1983 жылдары Жамбыл облысы бойынша қаржы бөлімінде аға экономист, 1983-1990 жылдары аудандық қаржы бөлімінің аға эконо­мисті, 1990 жылдың шілде айынан бастап аудандық салық комитетінде әр түрлі қызметтер атқарған Шахизада Жаңыл­­бекқызы қаржы-салық сала­сында өзін білім­ді маман, ынталы, ой-өрісі кең және әрдайым кәсіби деңгейін жоғар­ылатуға талпынатын қызметкер және жастардың тәлімгері ретінде көрсете білген.
Ол еңбек жолын түгелдей ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейінің көтерілуіне арнаған. Қай лауазымда еңбек етпесін, кіріс бөлімін нығайтуға өзінің білімімен де, біліктілігімен де сүбелі үлес қосты. Жоғары санатты маман ретінде жастарға үлгі-өнеге көрсете білді. Ол қаржы-салық органдарында 40 жылға жуық еңбек еткен.
Бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған Шахизада Жаңылбекқызы аудан, облыс басшыларының және салық комитеті төрағалары мен салық министрлігінің он беске жуық мақтау қағаздарымен, алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бұл оның көп жылғы, қажырлы адал еңбе­гіне берілген лайықты баға.

Поделиться ссылкой: