Шоқ тілді Шона
40 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов екі ауылдық округтің тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесулер ел Президентінің 826-шы Жарлығында межеленген жоспар бойынша өрбіді. Ең алдымен аудан басшысы Ернар Серікәліұлы Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов те қатысты.
Ауыл әкімшілігінің ғимаратында өткен кездесуге жаңатұрмыстықтар көптеп жиналды. Аудан әкімі Ернар Есіркепов ауыл тұрғындарына аудан көлемінде толайым тірліктер атқарылып жатқанын баяндады. Әсіресе, инвестициялық жұмыстар бағытында көптеген шаруалар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, сондай инвестициялық жобаның бірі – Малдыбай ауылына салынатын кірпіш зауыты. Бұл зауыт «адамның қара күшін» қажет етпейтін болады. Барлығы заманауи үлгіде, қажетті аппараттардың көмегімен іске асады. Адамның денсаулығына да аса бір залал келтіре қоймайды. Өйткені, барлығы жаңа технологиялық әдіс-тәсілдермен істелінеді. Жоба ойдағыдай іске асып жатса, халыққа жұмыс табылады. Осылайша, кірпіш зауытында 200 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Міне, осындай игілікті істердің барлығын аудан әкімі еш қағазға қарамай-ақ айтып берді. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы біз атаған инвестициялық бағыттан бөлек, ауыл шаруашылығы, денсаулық, мәдениет, білім және спорт саласы мәселелеріне де жан-жақты тоқталып, бірлік бар жерде әрқашан тірлік болатынын айтты. Халық та риза болып, көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады.
Білесіздер, Жаңатұрмысқа осыдан бірер жыл бұрын газ келген. Жаңа ауыз су имараты да салынып, құбыры тартылып, биыл пайдалануға берілді. Оны біз газет бетіне жарияладық. Былтыр да жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, халықтың игіліне пайдалануға берілген болатын.
Енді биыл спорт кешені салынғалы жатыр екен. Жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Жүйелі жұмыстың арқасында мемлекеттен қолдау тапты. Қаражат та бөлінген. Мердігер анықталып, биыл оның да құрылысы басталатын болады. Әрине, мұндай жобалар келер жылға өтпелі болатыны сөзсіз. Ең бастысы, жүйелі жұмыс бар. Талай халықаралық байқауларда лауреат атанған елімізге белгілі әнші Тахмина Әшімбекова шыққан ауылда «Мәдениет үйі жоқ?» дегенге сенгіңіз келмейді, әрине. Бірақ, расыменде Жаңатұрмыста мәдениет ошағы жоқ. Оны ауыл тұрғындары кез келген жиналыста айтады. Осы жолы да айтылды ол мәселе.
Ол сауалға Ернар Серікәліұлы: «Биыл Ақыртөбе ауылына 140 орындық жаңа мәдениет үйі салынып жатыр. Ауданда 42 елді мекен бар. 70 мыңға жуық халық тұрады. Қай ауылға барсаң да, проблема жетіп артылады. Айталық, Шолаққайыңды ауылына газ тарту жұмыстары 2027 жылы кезекте тұрған еді. Біз еңбек етіп, емен есікті кабинеттерді тоздырып жүріп, биыл ол мәселені шештік. Қазір Шолаққайыңдыға газ тартылып жатыр. Жаңатұрмысқа мәдениет үйін салу мәселесі де біздің бақылауымызда. Біз құр қарап жатқан жоқпыз. Жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ауылда береке мен татулық болса, ол күнге де жетеміз әлі» деп жауап қайырды. Кездесуде таудан келетін ағын судан да проблема туындап жатқанын көтерді ауыл тұрғындары. Оған аудан басшысы тау аңғарынан келетін ағын суға қатысты мәселе лоток немесе құбыр тарту арқылы шешілетінін айтты. Қазір «Ауыл аманаты» жобасына енген Абай ауылдық окуругіне дәл сондай жұмыстар жасалып жатқанын көпшілікке жеткізді. Нақтырақ айтсақ, «Қарақат» каналынан ауылға дейінгі 12 шақырымға құбыр жүргізіледі.
«Ол да оңайға соққан жоқ бізге. Дегенмен, тынымсыз еңбектің арқасында біз оған қол жеткіздік. Бір ғана «Қарақат» каналынан құбыр тарту жұмыстарына 1 миллиардтан аса қаражат бөлінді. Жыл сайын ондай қаражатты бізге кім береді. Республикада бізден басқа да аймақтар бар. Газсыз, сусыз отырған қаншама ауыл бар. Дегенмен, біз алдыға мақсат қойып, жоспар түзеп отырмыз. Тау аңғарынан келетін ағын суды біз осылай ғана шеше аламыз. Сондықтан бізді қолдаған облыс әкіміне, Үкіметке рахмет айтамыз» деп түйіндеді сөзінің соңын.
Одан кейін дәл осындай кездесу Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз елді мекенінде өтті. Жалпақсаз бастауыш мектебінде өткен кездесуде де Ернар Серікәліұлы аудан бойынша атқарылып жатқан игі бастамаларды жіпке тізіп айтып берді. Қарақыстақ ауылдық округіне 4 елді мекен қарайтынын білесіздер. Олар: Каменка, Жалпақсаз, Қазақ және Тасшолақ ауылдары. Бұл ауылдық округке де көптен күткен газ келді. Қазақ ауылына биыл таза ауыз су құбыры тартылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Иә, рас, ағын судан бұл жақта да проблема бар. Дегенмен, оның шешімі әлгінде жазғанымыздай. Осы кездесуде Тасшолақ ауылының тұрғындары мектептің мәселесін көтерді. Расыменде, Тасшолаққа жаңа мектеп қажет-ақ. Аудан әкімі Ернар Есіркепов Тасшолаққа мектеп салу мәселесі де басты назарда екенін айтып, алдағы жылдары ол да өз шешімін табатынына халықты сендірді.
Марат Диханбай.