Жеңіс туы желбіресін!
98 ViewsЖуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс туы желбіресін!» байқауының гала-концерті өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық…
Қуандық Шолақтың шығармашылығы шарықтап тұрған кезде абыз жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қуандық! Сөз сапырмай, нақты, көркем жазады екенсің! Жаза түс, халқыңның көңілін таба түс!» деген екен. Расында, ол жазды. Көркем жазды. Халқының көңілін тапты. Өлеңдері халық арасында үлкен танымалдыққа ие болса, ақынға одан артық қандай құрмет, қандай атақ-сый, қандай марапат керек.
Газетіміз бүгінгі күні есімі елеусіз қалған ақынның өлеңдерін қалың оқырманның назарына ұсынбақшы. Жалпақ жұрт табиғат тамыршысы ретінде танитын Қуандық
ақынның шығармашылығына
осы жолы да үңілгенді
жөн санадық.
Қасіретін көтеріп, мәңгі алау боп,
Нағыз ақын жасайды бірге елімен
Жазғы бақ
Кеткен үйдей бірлігі, ынтымағы,
Тал бастары ұйытқып жұлқынады.
Қара бұлттар желіккен бауырынан,
Құтылғысы келгендей бұлқынады.
Сыбырға үні ұласып күбірге үні,
Сәмбі талдар етегі түрілді ірі.
Желді күнгі желпінген көлеңкелер,
Тепкілейді аяусыз бірін-бірі.
Түлеген дала көркі жаңа қандай,
Бүршігін өсімдіктер жаяр қалмай.
Кезең бұл, бар дүние оянғандай.
Ақ қайың айдын көлге төне қапты,
Сұлу қыз айна алдында боянғандай.
Түлеген дала төрі жаңа қандай,
Гүл иісі таза ауамен тарағандай.
Қырқалар көңілді аулап, көзді арбайды,
Кестелі қыз сыйлаған орамалдай.
Көк пен жер жасағандай бір-біріне ем,
Ұшықтап ақ жаңбырмен тынды білем.
Қыр төсі құлпырып тұр, табаныма,
Әлдекім төсенгендей гүлді кілем.
Әлде бір жота ма жер кеппеген,
Боз мұнар мұнартады белде ептеген.
Көк төсі жұқа ақша бұлт, аппақ бормен,
Жазғандай көк параққа өрнекті өлең.
Қашанда сабақтасқан нұрмен бірге,
Табиғат сыйы екенін білген кім де.
Жігіттей қыз таңдаған, байыз таппай,
Қонады көбелектер гүлден гүлге.
Жазғы ымырт
Шау тартқан кез шілденің шіліңгірі,
Өр өзеннің қайра бар түрінде ірі.
Қойлар сынды тар жолда топырласқан,
Кимелейді толқындар бірін-бірі.
Табылардай қожыр құз көңіл емі,
Аңғар қуып аңқылдақ жел үреді.
Асау өзен арындап азуға сап,
Қос қапталын тынымсыз кеміреді.
Алып бір күш тұрғандай артында нық,
Аунағандай бауыры жарыл қағып.
Соңғы сәуле ойнайды толқынменен,
Секіре ойнап жатқандай алтын балық.
Ар жағынан түпсіздің қолын көріп,
Көлеңкелер келеді соңында еріп.
Ымырт деген інісі, ақшам деген,
Ағасына тұрғандай жолын беріп.
Әнін еркін айта алмай бұлбұл ашық,
Табанымен қап-қара қырды басып.
Көлге келіп құлаған қос өзендей,
Ымырт, ақшам барады, түнге ұласып.
Жалғасы жазғы кештің
Келгендей уақыты ауысымның,
Түскен жандай мінбеден.
Кербез күні маусымның,
Көк жиекке сіңді әрең.
Лекілдейді жай, әлсіз,
Самал сүйіп тау-тасты.
Бір-бірімен аяусыз
Ақ пен қызыл айқасты.
Төбелесті құптар кім?!
Жүрген лағып қаңғырып.
Қабағына бұлттардың,
Қапты жұқа қан жұғып.
Толқыған көл шатыс кіл,
Лақтырады шоқты ырғай.
Қабарып күнбатыс тұр,
Қоңырайып жақтырмай.
Қырдың қызыл иегін,
Жапқан ымырт жасқанбай.
Көгіс көктің жиегін,
Өлім табы басқандай.
Сездіріп бәсең хал-жайын,
Жоғалтқан аймақ қыры нұр.
Ымырттың шертіп маңдайын,
Кеудесін керіп тұр іңір.
Куә оған таудың асқары,
Қабағы қалың тоң ірең.
Түн бәрін сүртіп тастады,
Қап-қара орамалымен.
Көл маңы көркем, келісті
Көл маңы көркем, келісті,
Жаз айы еді күн ыстық.
Қаймақтана ғап көл үсті,
Тұрған-ды ұйып тыныштық.
Алқымдарына жұқа, аппақ.
Бақалар алған шар байлап.
Бірі қуса қалмай тықақтап,
Қашады бір борбайлап.
Кенеттен мылтық атылып,
Ауаға түтін асылды.
Шошынған құстар қапылып,
Шекім тастардай шашылды.
Дегендей, бәрі бітті енді,
Жандының түгел сасқаны-ай.
Су жылан суға зып берді,
Бір сабақ шикі таспадай.
Дір етті көлдің құрағы,
Ести сап бақа ащы үнді.
Шолп етіп шошып құлады,
Лақтырылған тас сынды.
Шалт қимыл жасап шағала,
Барады ұшып қаша ол да.
Қу түлкі тұрған жағада,
Бұғына қалды тасаға.
Көңілін тербеп күй қызық,
Салғандай сан ой санаңа.
Құшағына бәрін сиғызып,
Манаурап жатыр көл – ана.
Ақын бірге елімен
Көп көрсе де сүргінді, сүрінуді,
Қарсы қойып хандарға жырын улы.
Қамын ойлап халқының Махамбеттер,
Лауазымға білмеген жүгінуді.
Бере алмаса өнерге бар қуатын,
Керегі не бошалақ болбыр ақын.
Арман бар ма, Абайда ғұмыр бойы,
Жалау етіп ұстаған ел мұратын?!
Көңіл-көзге мөлдіреп тұра қалар,
Некен-саяқ болар-ау, сірә да олар.
Бұрмай кетсем сөзбасын күнә болар,
Қайсар мұңмен қарайды Қасым менен
Мұқағали секілді мұнаралар.
Ала алмаған сұм ажал-бәсін ақпан,
Орда бұзып отызда тас уатқан.
Сыйламасқа жоқ шамам Төлегенді,
Өлеңінің өзегі жасын атқан.
Тіршілікте, қас-қағым сүргенімен,
Мағынасы, мәнісі, іргелі кең.
Қасіретін көтеріп, мәңгі алау боп,
Нағыз ақын жасайды бірге елімен.
Бір биік боп
Қадыр да емен, Тұманбай да емеспін,
Шахановқа шендестірер жоқ ешкім.
Талғап, толғап аз жазса да саз жазар,
Қоңыр әуен – Қуандық қой демес кім?
Армандаған шығуды ойлап шепке есен,
Альпинистей қиындықпен беттесем.
Өнердегі өресі озық өр тұлға.
Боп қалсам деп мұз жастанып, от кешем.
Жаратылған жан секілді ем өлең деп,
Жүре алмаспын жер бауырлап, төмендеп.
Алты алашты аспандатар дара, оқшау,
Бір биік боп қаларыма сенем, бек.
Әділдік
Алма аз-тұғын, Кенже кеп,
Бөлісе алмай, қысылдық.
Ысырдық «сен, сен же» деп,
Бірімізге-біріміз.
Жеткізу боп бар мәні:
– Үлкеніңмін сендердің, –
деп, бөлшектеп алманы
Қылдай етіп тең бөлдім.
Риза оған Санақ та,
Ерсайын да, Самат та.
– Бұл әділ іс болды, – деп,
Айтып жүрді сан апта.
…Болсаң адал, табанды,
Сыйлайды екен қалың жұрт.
Марқайтатын адамды,
Жақсы екен ғой әділдік.
Ауылдағы ақынның күні құрсын
Көңілінің қиылған гүлі қыршын,
Туғаны да түсінбес сыры тылсым.
Жүрегінің көзінен жас парлаған,
Ауылдағы ақынның күні құрсын.
Жетсем деп ем арманға алып қанат,
Сындырғаны-ай сағымды салқын қабақ.
Өлмес үшін келемін, өлең қайда-а-а-а,
Бір сиыр мен бес ешкі артын қарап.
Әкелгендей қырмызы гүл ап көктем,
Өмірді өзге қырынан жыр етпек те ем.
Жыр жазудың орнына ертелі-кеш,
Түспей қойды-ау қолымнан күрек-кетпен.
Жағдайымның жайсызын біле тұрып,
Тығырыққа тықсырып тіреді ұлық.
Жыр жазатын күн қайда-а-а-а, еш алаңсыз,
Тоқ көңілмен жайлы үйде жылы отырып.
Дей алам ба қоғамым төр ұсынды?
Әрине, жоқ, кернейді шер ішімді.
Көкірегімді сонда да бермей келем,
Итке сыртын қампайтқан бөрі сынды.
Шөп шабық пісікшілік
Бұлт қалқып аспандағы ала шарбы,
Кигендей аймақ көйлек жаңа сәнді.
Барады қыр шөптері сыпырылып,
Сағынып қалғандайын дала шалғы.
Көңілді сүйсінтердей ел еңбегі,
(сірә, осы, төккен тердің төленгені).
Тайланған шөптер жатыр бір сызықта,
Қойлардай бұршақталған көгендегі.
Қалғандай көк ерніне ұшық шығып,
Қаратау қабағына түсіпті бұлт.
Таласа шөп шабықпен сары табан,
Кезіп жүр егін-жайды пісікшілік.