Жас спортшыларды қабылдады

81 Views

Өткен сенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов жақында ғана Қырғызстанның Ыстықкөл қаласында өткен батыс Азия чемпионатында шахматтың рапид және классикалық түрінен жүлделі бірінші орын иеленген Айару Каипованы, сондай-ақ, бокстан ит арқасы қияндағы Италия елінде өткен халықаралық жарыстан жүлделі екінші орын еншілеген Аружан Бахытбекті қабылдап, ізгі тілегін білдірді.

Айта кетейік, кездесуге аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, аудандық мәслихаттың депутаты Сұлукүл Дәлібаева, жас спортшылардың әкелері Ниязбек Каипов және Нұржан Аденов, одан бөлек, Аружанның жаттықтырушысы, бокстан КСРО спорт шебері Есдәулет Құрмантаев та қатысты. Аудан басшысы байрақты бәсекелерде қасиетті Құлан жерінің абыройын асқақтатып, жеңімпаз атанып жүрген қос спортшыға әрдайым тілекші екенін жеткізіп, сый-сыяпат табыс етті. Кездесуде аудандық мәслихаттың депутаты Сұлукүл Серікқызы да ақжарма тілегін білдіріп, Аружанның бапкері Есдәулет Құрмантаевқа ақшалай сыйлық табыс етті. Кездесу соңында жас спортшылар аудан әкімімен бірге естелік суретке түсті.
Біз сол аралықта Айарумен де, Аружанмен де тілдесіп үлгердік. Жаста болса, екеуінің де мақсаттары айқын. Осылай еңбектене берсе, олар түбінде алға қойған мақсатына жетеді деген сенімдеміз. Қос спортшының жетістіктерін сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

2017 жылдың 14 маусымында дүниеге келген. Айару биыл 6 жасқа толды. Ол өте қабілетті қыз. Жаттықтырушысы әрі әрдайым қолдаушысы да өзінің әкесі Ниязбек Каипов. Айару былтыр Тараз қаласында өткен облыстық іріктеуде 8 жасқа дейінгі категорияда төртінші орын алды. Биыл жыл басында, яғни ақпан айында өткен аудандық разрядтық жарыста жүлделі бірінші орын иеленіп, 4-разрядты қорғады. Сондай-ақ, Айару наурыз айында шахматтан Алматы қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында 6 жасқа дейінгі санатта жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Осы жылдың мамыр айында облыстық білім басқармасы Меркі ауданында Жауғаш батыр Қырбасұлының 290 жылдығына орай шахматтан ашық турнир өткізген еді. 15 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар арасынан 6 жасар Айару үздік үштіктің қатарына енді. Ыстықкөлде өткен батыс Азия чемпионатында ол жекелей сында шахматтың рапид және классикалық түрінен топ жарды. Рапидтен командалық сайыста жүлделі бірінші орын, классика және блицтен командалық сында жүлделі екінші орын иеленді.

2009 жылдың 20 қарашасында дүниеге келген. Ол бокстан «ҚР Спорт шеберлігіне» үміткер. Аружанды да сан мәрте жаздық газетке. Білікті бапкер Есдәулет Құрмантаевтың қол астында жаттығады. Аружан да жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан чемпионатында үздік атанып жүрген спортшы. Айталық, Аружан жасөспірімдер арасында Қазақстанның 2 дүркін жеңімпазы. Оның біріншісін былтыр Өскеменде иеленсе, биыл Қостанайда өткен ел чемпионатында да Аружан өзінің өзге қарсыластардан мықты екенін дәлелдеді. Аружан бокстан бөлек, кикбокспен де айнлысады. Ол кикбокстан да жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы. Мінеки, Аружанның осындай көптеген атақтары бар. Күз айында бокстан Дубай қаласында Азия чемпионаты өтеді. Сол жарысқа Аружан қазірден бастап дайындықты бастап кетті. Сәтін салса, «Дубайдан да жеңімпаз болып оралса…» дейміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: