Бір кем дүние
Түгел мен тұтас
Тараздан шығып, Шақпақтан асып, Түлкібас орталығына кіре бергенде жол бойында қасиетті жазу тұр:
«Түркі елі, түгел бол!
Түркістан тұтас бол!»
Авторы Тұрар Рысқұлов екен. Сірә, ол кісі Түркістан Республикасының Төрағасы болып тұрған кезінде айтылған ұран шығар.
Сол Түркістан Республикасының құрамына Қазақстанның оңтүстігі, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан кірген еді.
1924 жылы Сталин біртұтас Түркістанды бөліп-бөліп тастады.
Рысқұловтың арманы үзілді. «Бөліп ал да, билей бер!» деген сұрқия саясат белең алды.
Ал бөлінгенді бөрі жейді деуші еді.
Кім біледі.
Бір кем дүние.
Жалғыз ұл…
Жалғыз ұлы бар кісінің,
Шығар-шықпас жаны бар.
Екі ұлы бар кісінің,
Өкпе, бауыр, жалы бар.
Үш ұлы бар кісінің,
Бұхарада малы бар.
Төрт ұлы бар кісінің,
Аспанға салған жолы бар.
Кешегі жоқ-жітіктеу, қиын-қыстау кездің өзінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» таққан аналар тізімі газеттерде жиі-жиі жарияланып тұрушы еді. Соңғы он-он бес жылдың көлемінде көрінбей кетті.
Бала туудың алтын бесігі ауылдың өзінде қазір нәресте саны қасқалдақтың қанындай азайды. Бала табу жалғыз-жарымнан аспайтын болды.
Не себеп? Тұрмыс-жағдай бұрынғыдан гөрі біршама тәуірленген сияқты еді. Не көрінді? Әлде өркениеттің «өкірігі» ме, әлде гендерлік саясаттың сипаты ма?
Біз тым-тым азбыз ғой. Аздың маңдайында бақ тұрмайды деуші еді ғой.
Кейбір елдер сияқты бізге жер жетпей жатқан жоқ.
Шыннан болашақты болжай алмайтын, бір күндік қарынды ғана ойлайтын бейқам елміз бе?
Үкімет, Парламент құр кекірік атып отыра бере ме?
Кәрі қыздар мен Сүрбойдақ жігіттер көбейді.
Ойлан, Үкімет!
Шаңырақ болмай, шарана да болмайды.
Бір кем дүние.
Жеті күлше құдайы
Алматыда Масанчи деген көшеде тұрушы едік. Көрші үйдегі Ұлжан есімді қарт апай бүкшиіңкіреген белін қос қолымен тірегендей арқасына салып алады.
Сол кісі бір күні аулаға шығып, айқайлап жүр:
— Құдайы нан! Құдайы нан!
Аулада ойнап жүрген балалар жиналып, қызық көргендей болады. Қарт кісі оларға жалынғандай болып:
— Айналайындар, келіңдер, құдайы нан жеңдер, – деп әрқайсысына күлше ұсынады.
Бар болғыр балалар мұрындарын шүйіріп, нанды алмай, шегіншектеп кетеді.
Қайран тоқшылық-ай десеңші.
– Айналайындар, алыңдар! Әукен ағамыз жазылып кетсін деп жеңдер!
Сөйтсе, кейуананың жалғыз ұлы қатты ауырып жатыр екен. Оны түсінетін балалар қайда? Тоқшылық қой.
Сөйткен қайран Ана байғұсты қар еріп жатқан кезде, көктемнің көк өзегінде, бес қабат үйдің төбесінен құлаған мұз сүңгі дәл басына түсіп, мерт қылды.
Далада жаназасын шығарып жатқанда, әлгі балалар состиысып қарап тұрды.
Енді оларға:
– Айналайындар, алыңдар, құдайы күлше, алыңдар! – деп кім соңдарынан жалынып жүрер екен?
Дүниеден ескінің соңғы көзі өтті-кетті.
Бір кем дүние.
Кәрі құлжа жалғыз жайылады
Мың да тоғыз жүз отыз екінші жылы туғандар…
Сол жылы тумай жатып қырылғандар…
Обалдарың Голощекин – Қу Шеке деген имансызға. Сталиннің Қазақстанға жіберген жендеті.
Голощекиннің шын аты-жөні Шая Ицкович. Голощекин – псевдоним, революционер болғандағы аты. Онысы да оңып тұрған жоқ. Шынында да, Қу Шеке болды. Ашаршылықты қолдан жасай келді.
Ұраны: «Лучше пересолить, чем недосолить!».
Нәтижесінде халық қынадай қырылды.
1932 жылы туғандар өте аз. Соның бірі – мен. Менен басқа, мен білетіндерден әйгілі Әзірбайжан Мәмбетов бар. Ақын Кәкімбек Салықов бар. Жазушы Нұрғожа Оразов бар. Менімен орта мектепті 1950 жылы бірге бітірген Әбдуәлі Данаев бар.
Ірі тұлға Камал Смайылов бар еді. Ол қазір жоқ. Құдай о дүниесін берсін.
Айтпақшы, Шыңғыс хан тұқымынан қалған тұяқ – Шота Уәлиханов бар. Өмір-жасы ұзақ болғай!
Жиын-тойға, көпшілік бас қосқан жерге барғанда бата қылып, дұға оқитын кәрісі мен болып қалыппын.
Бірақ көбінесе жалғыз қаласың. Жұрттың бәрі жұмыла жұмыста. Менің жұмысым – жалғыздың жұмысы. Қаруым – қалам. Өрісім – қағаз.
Енді қанша жарық сәуле бұйырады – бір Жаратушы Құдірет біледі.
Жалғыздың жары – Құдай деген.
Бір кем дүние.
Мектеп қартаймайды
Баяғы Мәмбет батырдың, оның ұлы Байзақ датқаның ұрпағы Нәби мырза ана бір жылы мен депутаттыққа түсіп, сайлаушылармен кездесіп жүргенде, менің сенімді өкілім болды.
Сайлаушылармен келесі бір кездесу кезінде мен оқыған мектеп туралы айта келіп:
– Мектеп қартаймайды! — деді. Өте бір тауып айтылған сөз. Қанатты сөз десе де болады. Мектеп мұхит толқындары сияқты. Жылда жаңа толқын бітіріп шығады. Мектеп бітіргендер қартаяды. Ал жаңа толқындар келе береді.
Мектеп қартаймайды.
Мектеп бітіргендер қартаяды.
Бір кем дүние.