Әкім мен халық бірлесіп жұмыс істесе, шаруа бітер

146 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Луговой ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесу ел Президенті бекіткен №826-шы Жарлықтың шеңберінде өтті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, құқық қорғау саласының қызметкерлері де қатысты. Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің акт залында өткен кездесуде луговойлықтар көптеген сауалдар қойды.

Ернар Серікәліұлы алдымен ауданда атқарылып жатқан және алда атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарын баяндады. Аудан басшысы өз сөзінде 6 айдың қорытындысымен барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасып отырғанын тілге тиек етті.
– Ауданда 42 елді мекен бар. Оның барлығында біз проблема жоқ дей алмаймыз. Бір ауылда мектеп жоқ, бірінде спорт кешені жоқ, енді бірінде газ, мәдениет ошағы жоқ дегендей. Бірақ біз барлық мәселені кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Қазір ауданымызда инвестициялық бағытта қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Инвестицияның 2 түрі болады. Біріншісі – бюджеттік болса, екіншісі – жеке инвестиция. Осы 2 инвестиция бойынша ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, соның алғашқысына Ақыртөбе, Көгершін, Р.Сәбденов ауылында салынып, биыл пайдалануға берілетін спорт кешендерін айтсақ болады. Ақыртөбе ауылында биыл 140 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталғалы жатыр. Жаңатұрмыс ауылына спорт кешенін салу мәселесі де шешілді. Қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы бюджеттік инвестицияға жатады. Ал жеке инвестиция бойынша да біздің ауданда көптеген тірліктер жасалып жатыр.

Осындай кездесулерде ылғи да айтып жүрмін. Ол Малдыбай ауылындағы кірпіш өндіру зауыты. Бұл зауыттан 12 түрлі кірпіш шығатын болады. Адамдар да жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік кіріске түсетін салық та артады. Түскен салық бір ауылға жарықшам орнатуға, асфальт төсеуге жұмсалатынын барлығыңыз білесіздер. Аудандық газеттен я болмаса әлеуметтік желіден байқаған да боларсыздар, жақында Тереңөзек ауылында облыс әкімі Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы дәл осындай кездесу шеңберінде халықпен кездесті. Тереңөзек ауылынан кварцит қазу жұмыстары іске асырылайын деп жатыр. Бұл жобаның құны да қомақты қаражат. 5 миллиард доллар. Кәсіпкерлермен біз сөйлестік. Тереңөзек ауылдық округі халқына барынша жағдай жасаймыз деп отыр. Реті келіп жатса, әлеуметтік нысандар да, аллея да салып береміз деп отыр. Айта берсек, осындай деталь өте көп. Көпшілік осылай қолдаса, алынбайтын қамал жоқ. Барлығын реттеуге болады. Біз сол тұрғыда еңбек етеміз, – деді Ернар Серікәліұлы.
Луговой ауылында газ бар. Ауылішілік көшелерге де жыл сайын асфальт төселіп, жарықшамдар орнатылуда. Дегенмен әлі де болса, жарықшам орнатылмаған көшелер бар екен. Айталық, ауылда 46 көше бар болса, соның 18-і жарықтандырылмаған екен. Биыл Ә.Райқұл, Пушкин және Кең дала көшелеріне жарықшам орнатылып, Еңбекші көшесінің жолы жөндеуден өтетін болады.
Ауыз су да бар Луговойда. Бірақ, ауыз судан проблема жоқ емес, бар әрине. Оны жасырудың еш реті де жоқ. Оны кездесу барысында халық та айтты. Тұрғындар көтерген мәселелердің барлығына аудан әкімі Ернар Есіркепов жан-жақты мысалдар арқылы талдап, таразылап, жауаптар қайырды. Аудан әкімінің іскерлігіне ауыл халқы да риза екендіктерін білдірді.
Аудан әкімі кездесуден кейін ауыл тұрғындарын жеке мәселесі бойынша да қабылдады.
Биыл Луговой ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір жұмыстар басталып кетті. Жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Аудан басшысы құрылыс алаңына барып, мердігермен кездесіп, жұмысты сапалы әрі уақытысында аяқтауды тапсырды.
Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: