Жүйелі жұмыс әрдайым нақтылыққа жетелейді
Жыл басында Т.Рысқұлов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы
Есболат Сыбанбаевтан сұхбат алған едік. Араға сегіз ай салып, тағы да сұхбаттасудың реті келді. Бұл жолғы тақырып – «Жеке тұлғалардың салықтарын әкімшілендіру». Ендеше, тілшіміз дайындаған материалдан өздеріңізге қажетті кеңес аласыздар деген үміттеміз.
Тілші: Есболат Советұлы, әңгімеміздің әлқиссасын «Жеке тұлғалардың салықтарын әкімшілендіруден» бастасақ. Жалпы, бұл процес қалай жүзеге асырылуда?
Есболат Сыбанбаев: – Қазақстан Республикасында «Салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге арналған» бағдарламасы аясындағы «Жеке тұлғалардың салықтарын әкімшілендіру» салықтық міндеттемелердің орындалуы мен салықтық бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
Бүгінгі күнде Т.Рысқұлов ауданы бойынша барлығы 14142 көлік және 13001 жеке тұрғын үй және жер тіркелген. Бірінші кезекте көлікке тоқталатын болсақ. Тіркелген 14142 көлік ішінде жеңілдік пайдаланатын көлік саны 2482, салығы 34,7 млн.теңге. Салық төленетін көлік саны 11671 болса, бюджетке өндірілетін салығы жоспар бойынша 181,1 млн.теңгені құрайды. Екінші кезекте аудан көлеміндегі 13001 жеке тұрғын үй және жер бойынша айта кетер болсам, жеңілдік пайдаланатындар саны 3347 болса, салық төлейтіндер саны 9654-ті құрап, бюджетке өндірілетін салығы жоспар бойынша 9,0 млн.теңгені құрап отыр.
Тілші: Бүгінгі күнде салықтарды төлеуде қандай да бір өзгешеліктер мен жаңашылдықтар орын алды ма, яғни салық төлеушілерге міндетті салықтық төлемдер бойынша қалай хабарланады?
Есболат Сыбанбаев: – Ел экономикасы өркендеп, цифрландыруға нақты қадам басуымыздың арқасында көптеген қызмет түрлері электронды түрде жүзеге асырылуда. Соның бір айғағы – қазіргі уақытта салық төлеушілерге міндетті төлемдер бойынша мерзімінен бір ай бұрын PUSH-хабарламалар жеке ұялы телефондарына жіберіліп, хабарланып отырады. Бекітілген заңдылықтарға сәйкес көлік салығы әр жылдың 1 сәуіріне дейін, ал жеке тұрғын үй және жер салығы 1 қазанға дейін толық төленуі міндетті болып табылады. Сондай-ақ, электронды түрдегі PUSH-хабарлама арқылы көлік салығы және жеке тұлғаға жеке тұрғын үй салығы бойынша төлем сомасы нақты көрсетілген хабарламалар жыл сайын тұрақты түрде жолданып отырады.
Тілші: Жеке тұлғалардың салықтары бойынша аудан экономикасына түскен түсімдерге тоқтала кетсеңіз?
Есболат Сыбанбаев: – Соңғы жылдары салық саясаты және салықтық әкімшілендіру аясында маңызды қадамдар жасалынып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп, аудан экономикасының өрісті дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. 2023 жылдың алты айлығы бойынша көлік салығы 104402 төлем көзі бойынша 153,2 млн. теңге, 104102 төлем көзі бойынша жеке тұрғын үй және жерге 5,8 млн. теңге көлемінде салық аудан қоржынына салынып, осылайша аудан экономикасының табысын арттыруға салықтық төлемдер өзіндік үлесін қосып келеді.
М.ДИХАНБАЙ.