Алтын жұлдызды АДАМ

159 Views

Заманында талай мықты жазушылардың шығармашылығына арқау болған жезтаңдай балерина Мая Плисецкаяның «Кім көп жұмыс істесе, соның күші көбейеді. Егер мен бір күн жұмыс істемесем оны өзім сезінемін, екі күн жұмыс істемесем әріптестерім сезіп қояды, ал үш күн жұмыс істемесем жұрттың бәріне көрініп тұрады», – деген сөзін оқығанымыз бар еді. Өз басым осы сөздің қаншалықты маңызға ие екенін атақты шопан Нәдір Биғазиевтің кенже ұлы Темірғали Биғазиевпен болған әңгіме барысында анық ұқтым.
– Менің әкем Нәдір Яхияұлы 1923 жылы 16 сәуірде Луговой ауданы, Ленин колхозында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Өзбекстанның Наманган қаласындағы «Қызыл керуен» артелінде арбакеш болып бастаған. Ал, «№ 97 жылқы заводына», яғни Көгершінге 1955 жылы келген. Мұнда әкем аға шопан және ірілендірілген шопандар бригадасының бригадиры болды, – дей бергенде Темағаңның әңгімесін бөлуге тура келді. Өйткені, көкейімдегі мына бір сұрақты қоюдың орайлы сәті келген еді…
– Нәдір ақсақалдың атақ-даңқы бір басына жетерлік. Дегенмен, «Социалистік Еңбек Ері» атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал, сіздің әкеңіз бұл атақты да иеленгенін білеміз. Мұны еңбекқорлықтың жемісі деп айтуымызға бола ма?
– Әкем биязы жүнді қой шаруашылығын өркендетуге көп күш жұмсаған адам. Және осы бағытта толайым жетістіктерге қол созды. Мәселен, бесжылдықтың өткен төрт жыл ішінде өзіне бекітіліп берілген әр жүз саулықтан жоспардағы 98 қозының орнына 134-тен қозы алған. Сондай-ақ, жоспардағы 4,2 келі қой жүнін 5,3 келіге дейін жеткізген. Осыдан-ақ бағамдай бер өзің енді. 1971 жылдың 8 сәуірінде әкеме «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Атам қазақ «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деп текке айтпаған ғой. Әкем алған атағының бәріне еселі еңбектің арқасында жетті деп толығымен айта аламын. Жігерлі табандылығының арқасында аудандық және Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, сондай-ақ, Совет Одағы Коммунистік партиясы XXVI съезінің делегаты да болған, – деп қорытындылады сөзінің соңын атақты шопанның ұлы.
Жалпы, Нәдір Яхияұлы Биғазиев жайлы жазамын деген журналистке дерек өте көп. Темірғали аға солардың бірсыпырасын маған ұсынған болатын. Сол деректердің ішінен менің көзіме тақырыбы ерекше мына бір өлең шоқтай басылды. Авторын қарасам, аудандық басылымда еңбек ете жүріп күллі Алаш жұртына танылған ақын, сақа журналист Кәріпжан Нүсіп ағамыз екен. Қазір Кәрағаңның да есімі көп айтыла бермейтіні жасырын емес. Сондықтан «Алтын жұлдызды адам» деп Нәдір ақсақалдың адамгершілік қасиетін жырға қосқан ақынның осы бір өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Егіз жайлау – «Көгершін «мен «Көкдөнен»,
Малдың нағыз құт өрісі ол деген.
Бір сімірсең ондағы бал бұлақтан,
Мейірің қанар ынтызар боп шөлдеген.
Осы өңірде Нәдір еңбек етеді,
Бұл жазира оның құтты мекені.
Тер төгумен келеді асыл азамат,
Жылда өзі мол табысқа жетеді.
Мемлекетке көп өткізіп жүн-етті,
Шомылдырды қуанышқа жүректі.
Шабыт беріп ер еңбегі сезімге,
Ақын оны сүйінішпен жыр етті.
Ол өсірген жеміс нәрін тәтті мың,
Жүрегінде арайланып атты күн.
Еңбек Ері атанды ол бүгін де,
Біз де оның құттықтаймыз шаттығын.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: