Бала әкеден ақыл алса, анадан мейірім алады

404 Views

Отбасы – шағын мемлекет, сыйластық пен жарастық орнаған оңтайлы орта. Бір сөзбен айтқанда, кішкентай ғана – Отан. Сол Отанның ұйытқысы, берекесін кіргізуші жан, ол әрине – ана. Ал, тірегі – әке. Бала әкеден ақыл алса, анадан мейірім алады. Демек, бала бойындағы дара қасиеттерді қалыптастыруда отбасының, оның ішінде ата-ананың алар орны ерекше.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп жатамыз. Жадымызда жатталған бұл сөзді жарыса айтамыз-ау бәріміз! Бірақ, түбіне терең бойламайтынымыз өкінішті-ақ. Неге? Себебі…
Ресми статистикаларға сүйенсек, соңғы жылдары отбасылық жанжал­дар­дың, нәзік жанды әйелдерге жасалған зорлық-зомбылықтардың саны артып келеді екен. Ол туралы жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та кеңінен сөз етті. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударған Президент статистика көңіл көншітпейтінін алға тартты. Тіпті, соңғы 2,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмғанын да жасырған жоқ. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат Тұжырымдамасын» бекіткен болатын. Бүгінде аталмыш Тұжырымдамада айқындалған нысаналы индикаторларға қол жеткізу бағытында аудан аумағында бірқатар жоспарлы жұмыстар атқа­ры­луда. Ендеше дәл қазір мен аталмыш жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтейін.
Біздің аудандық білім бөлімінде 18 жайсыз отбасы тіркелген. Онда дәл қазіргі таңда 48 мектеп оқушысы тәрбиеленуде. Аталмыш отбасылардың құрамына кіретін мектеп оқушылары біздің бөлімнің басты назарында тұр. Олармен арнайы мамандар, яғни мектеп әкімшілігі ұдайы байланыс жасап отырады. Әсіресе, ондағы аналар мен қыз балалардың жағдайы жіті бақылауға алынған. Осыған орай жоспарға сәйкес білім беру ұйымдарында әр түрлі іс-шаралар, оқушылардың жағдайын анықтау мақсатында сауалнамалар, семинар-тренингтер өткізу әдетке айналған. Аталмыш шарапаты мол іс-шараларға ауданның қоғам белсенділері, білім саласының ардагерлері, жалынды жастар көптеп қатыстырылуда. Тіпті, аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Аналар кеңесі» мен «Әкелер кеңесінің» тигізген пайдасы ұшан-теңіз.
Ана мен бала мәселесі күн тәртібінен түспейтін тақырып. Өйткені қазіргі қоғамның ұстанған бағыты да, биліктегі атқамінер азаматтардың жұмысы да ана мен балаға жайлы жағдай жасауға негізделген. Осы орайда мемлекеттік бағдарламаның басым бөлігі соларға арналғанын да жасырмай айтуымыз керек. Өткен оқу жылында Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Бақытты ана – бақытты бала» фестивалі өтті. Аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен жиынға оның төрайымы Түзел Алагөзова бастаған ақ жаулықты аналар, мектеп мұғалімдері, оқушылар, жастар, аудандық дағдарыс орталығының қызметкерлері, этномәдени бірлестік жетек­шілері қатысты. Сондай-ақ, шараға құрметті қонақ ретінде облыс­тық ардагерлер Кеңесінің жанынан құрылған Аналар алқасы төрайымының орынбасары Нұргүл Оспанбекова, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали да келіп, қатысып отырды.
Дөңгелек үстел барысында қатысу­шылар ой-пікір алмасып, ана мен бала мәселелерін жою үшін қабылдануы керек шараларды да ортаға салды. Түзел Алагөзова, Есенкүл Мұхтарова және аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов тұшымды ойлар мен ұсыныс-тілектерімен бөліссе, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің ұстазы Гүлсім Оңалбаева «Баланы жетістікке жетелеудің жолы», Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Мырзалиева «Қазіргі қоғамдағы ананың рөлі» атты тақырыптарда баяндама оқыды. Аталмыш бағыттағы ірі іс-шараларды өткізу жаңа оқу жылында да жоспарланып отыр.
Аудандық білім бөлімінің басшы­лығы гендерлік саясатқа да өте ерекше мән беріп келеді. Әйел азаматшалардың қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында олардың мансаптық өсу жолына да қолдау көрсетуде. Ауданның білім беру саласындағы 38 мектептің 27-де және 25 бөбекжайлардың барлығында әйел азаматтардың басшылық етуі жоғарыда айтылған сөзімізге айқын дәлел бола алады.
Қорыта келе, ауданда Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Тұжырымдама аясында атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаларды қорғау, гендерлік саясатты іске асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүзеге аса беретін болады.

Бауыржан САМЫЛТЫРОВ,
аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: