Ауыл кеші көңілді
Біз газетіміздің алдыңғы нөмірлерінің бірінде «Ауыл кеші көңілді» жобасы аясында әр сенбі сайын аудан орталығында концерт өтіп жатқандығы туралы мақала жариялаған едік. Өткен сенбіде дәл сондай концерт тағы да өтті. Оны ұйымдастырған Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері.
Қазір байқаған боларсыздар, аудан орталығына халық көптеп жиылатын болған. Өйткені, жуырда ғана іске қосылған субұрқақ керемет бір отбасылық көңіл-күйді көтеруге арналғандай. Кешқұрым орталық алаңға келсеңіз, мәз-мейрам болған балалардың күлкісін көресіз. Ата-аналар да риза. Осындай көңілді атмосферада концерт ұйымдастыру расымен де құптарлық жағдай.
Ауданымыздың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламада Құмарық, Д.Қонаев, Көкдөнен, Ақыртөбе, Тереңөзек, Жарлысу ауылдарының көркемөнерпаздары құландықтарға арнап, өз өнерлерін паш етті.
Айталық «Алғыс», «Ағайындар» әнін шырқаған Сәлімбай ауылының өнерпаздары Шолпан және Ақзере Садатқызының көрсеткен өнерлері көпшілікті тәнті етті. Бұл қос дуэт жеке де ән шырқады. Ақзере М.Ақүрпековтің «Әке» әнін шырқаса, Шолпан М.Сәбидің «Самға» әнін жоғары деңгейде орындады.
Көкдөнен ауылынан келген «Еркежан» би үйірмесінің бүлдіршіндері қазақ биі «Домбыраға» билеп, жиылған жұртшылықтың қошеметіне кенелді. Д.Қонаев ауылынан келген өнерпаз Ерғали Бабасов Ш.Қалдаяқовтың «Дүнген қызы» әнін орындады. Осы ауылдың өнерпазы Рита Дарибаева «Бақытты әйел» әнін шырқады.
Құмарық ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Балауса» би үйірмесінің қыздары өзбек биін биледі. Сондай-ақ, осы концертте Жәния Жақсыбай «Әжетайым», көкдөнендік Берік Тауасаров «Ауылға барам», «Сағынғанда бір келерсің», тереңөзектік Күләш Кобдикова «Жамбыл жастар вальсі», «Достарым», Жәния Амангелді «Цветы земля моя», «Титаник» кинофильміне саундтрек ретінде жазылған «My heart will go on» әндерін орындаса, концерт құмарықтық Жанболат Байсейітовтің орындауындағы Мэлс Өзбековтің «Келші Құланға» әнімен қорытындыланды.