Жастар әркез қоғамның қозғаушы күші

192 Views

Халықаралық жастар күніне орай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының уақытша міндетін атқарушы Ерболат Жәдіктен мәлімет алғанбыз. Ол берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда аудан халқының саны 67500 болса, соның ішінде 20960-ы жастар екен. Бұл дегеніңіз – аудан халқының 30,2 пайызын құрайды деген сөз.

Рас. Ауданда қандай да бір іс-шара өтіп жатса, біз міндетті түрде сол жерден «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлерін байқаймыз. Бұл олардың шын мәнісінде беріліп жұмыс жасап жатқандықтарын байқатады. Қазіргі таңда тікелей жастармен жұмыс жасайтын аталмыш ресурстық орталықта 26 адам жұмыс жасайды. Жаңа сөз басында ауданда 14 пен 35 жас аралығында 20960 жас бар екенін жазғанбыз. Яғни, осыншама жаспен орталықта қызмет ететін 26 маман тікелей жұмыс жасайды.
Өткен жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған жастардың саны 1581-ді құрапты. Оның ішінде вакантты бос жұмыс орнына 507, жастар практикасына 112, әлеуметтік жұмыс орнына 19, ақылы қоғамдық жұмысқа 140 жас тартылды. Сондай-ақ, алғашқы жұмыс орнына 16, ұрпақтар келісімшартына 2, кәсіби оқудан өтуге 21, кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтуге 629 жас жолданып, 135-і грантқа ие болды.
Орталық қызметкерлері тарапынан жұмыссыз жүрген жастарға кеңес беру бойынша жоспар түзілген. Яғни, олар 15 ауылдық округте 3 тамыздан 18 тамызға дейін жұмыссыздықтың алдын алу бойынша бос жүрген жұмыссыз NEET санатындағы жастарға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақса­тында тиісті жұмыстар жүргізуді көз­деп отыр. Жастар бұл жұмысты тек өздері ғана емес, «Мансап орталығы» мамандарымен бірлесіп, «Әулиеата жастары», «Жасыл ел» еңбек бағ­дарламасы төңірегінде қажетті кеңестер береді.
Елімізде «Дипломмен ауылға» деген жақсы бағдарлама бар. Расымен де, бұл бағдарламаның жастарға тигізер көмегі өте көп. Ерболат Жәдіктен біз ол турасында да мәлімет алдық. Мәселен, 2022 жылы аудандық бюджеттен 36 маманға 9800,1 мың теңге көтерме жәрдемақы, 28 маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 128 млн. 646 мың теңге бюджеттік кредит берілді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын табады. 2023 жылға 20 адамға көтерме жәрдемақы, 4 адамға тұрғын үйге несие беру жоспарланған екен.
2022 жылы аудан көлемінде мемлекеттік жастар саясатын насихаттау мен қолдау мақсатында жалпы саны 710 іс-шара өткізіліп, оған 13 мың адам қамтылды. Ал, 2023 жылдың 6 айында 11 бағытта 386 іс-шара өткізіліп, оған 11 мыңға жуық жастар қамтылды.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері аудандық газеттің ұжымымен де тығыз байланыста. Олар осы уақытқа дейін аудандық газет бетіне 11 мақала жариялап, әлеуметтік желіде 845 пост жазған.
Жазиралы Жамбыл өңірінің жастары кез келген спорттық іс-шараларға белсене қатысады. Олардың арасында осы ресурстық орталықтың қызметкерлері де бар. Ауданымыздың жастар ресурстық орталығының жігіттері жуырда облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ қыз­меткерлері арасындағы «DOSTYQ CUP – 2» ауыспалы кубогінің чемпионы атанды.

М.Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: