Спорт мерекесіндегі ілкімді іс-шара

197 Views

Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні. Бұл даталы мерекеге орай аудандық газет ұжымы арнайы материал да әзірлеген болатын. Ол газетіміздің өткен санында жарық көрді. Сондықтан ол жағына көп тоқталмай-ақ қояйық. Өткен жұмада спорт күніне орай аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі ілкімді іс-шара ұйымдастырды. Мерекелік шараға шәкірт баптап, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып жүрген жаттықтырушылар ғана емес, аудан спортының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер де арнайы шақырылыпты. Құлан агротехникалық жоғары колледжінің базасында өткен мерекелік жиында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев сөз сөйлеп, жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтады.
Ерлік Тоғанбайұлы өз сөзінде еліміз бойынша спортқа айрықша көңіл бөлініп отырғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол ауданымыздан 9 бірдей Олимпиада ойындарының жүлдегерлері шық­қа­нына ерекше тоқталды.
Атақты Абсенттің, содан соң жерлестеріміз Ермахан Ибраимов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов секілді спорт саңлақтары Олимпиада ойындарында ауданымыздың ғана емес, күллі Алаш жұртының абыройын асқақтатқанын сөз етті.
Одан бөлек, соңғы жылдары ауданымызда бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт кешендері салынып жатқанын, 2027 жылға дейін тағы да 8 спорт кешені бой көтеретінін айтты.
Содан соң, Луговой ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Бейсенбек Әлпейісов те сөз сөйлеп, спорт ардагерлері мен жаттықтырушыларды мерекемен құттықтады.
Одан кейін дене шынықтыру және спорт саласының бірқатар майталмандары облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының, аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының, «Аманат» партиясы аудандық филиалы төрағасының «Құрмет» және алғыс хаттарымен марапатталды.
Жаттықтырушылар мен спорт ардагерлерінің құрметіне арнап, аудандық мәдениет үйінің әншісі Ерболат Құлышев ән салды. Есті әндер шырқаған өнерпаздың өнеріне жиналған көпшілік ерекше қол соқты.
Шара соңында аудан спортының дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар ардагерлерге де аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан сыйлықтар табыс етілді. Олар да өз кезегінде жастарға ағалық ақылдарын айтып, еңбектеріне береке, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мерекелік шараның соңы спорттық ойындарға ұласты.

М. Диханбай.

Поделиться ссылкой: